Жақында коммуналдық жүйені жаңғырту бағдарламасы қабылданады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров келер жылы елімізде валюта бағамын тұрақтандыруға не әсер ететінін айтты.

«Үкімет тарапынан ең басты мақсатымыз – келесі жылға бірқатар ірі жобаны жүзеге асыру. Оның ішінде инфрақұрылымдық, өндіруші, өнеркәсіп бағытында жалпы 17 жобаны іске асыруды бастап кеттік. Ұлттық инфрақұрылымдық жобаны қабылдадық. Жақында коммуналдық жүйені жаңғырту бағдарламасы қабылданады. Оның сыртында биыл көп шетелдік қаржы ұйымдарымен нақты келісімдерге отырдық. Соның арқасында біз 2025 жылы елімізге шетел валютасында инвестицияны тарту көлемін күрт көбейеді деп есептеп отырмыз. Бұл тұрғыда осы валютаның бәрі ішкі нарық арқылы өтеді, сол арқылы жаңа жобаларды қаржыландырамыз, - деді Н.Байбазаров.
Оның айтуынша, қазір бюджеттің даму бағытындағы бюджеті бар болғаны 2 трлн теңге болды.
«Оның үштен бір бөлігін ауыл шаруашылығына жіберейін деп отырмыз. Сондықтан біздің бұл жерде шетелден келетін валюталық инвестицияларға назар аударып жатырмыз. Сол арқылы біз өз тарапымыздан осы жұмысты тиісті деңгейде жүргізіп, келетін шетелдік инвестиция біздің ішкі валюта нарығы арқылы өтеді. Осылайша, біз нарықтағы валютаның ұсыныс көлемін көбейтуге атсалысамыз. Біздің басты мақсатымыз осы», - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2024 жылы Ұлттық қордың таза валюталық активтері қай деңгейге жететінін айтты.