Жақсы ауданына паром өткелі жеткізілді - Ақмола облысы

өткелі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының Жақсы ауданында Есіл өзені арқылы көлік қатынасын қалпына келтіру үшін ҚР Қорғаныс министрлігінің паром өткелі жеткізілді. 

Биылғы жылғы сәуірдің 13-інде Жақсы ауданы аумағында Есіл өзені арнасынан асып тасыған болатын. Соның салдарынан «Қима-Терісаққан» автомобиль жолындағы көпірді су шайып, 2 елді мекен және 3 бөлімшеге көлік қатынасы үзілді. Тіпті, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қауіп болды.

өткелі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, осы тығырықтан шығу үшін аймақ басшысы Марат Ахметжанов ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа өтініш айтып, ол өз кезегінде Есіл өзені арқылы көлік қатынасын қалпына келтіру үшін паром өткелін орнату туралы шешім қабылдаған.

Бүгінгі күні ҚР Қорғаныс министрлігінің паром өткелі Жақсы ауданына жеткізілді. Алдағы көктемгі дала жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы техникалары өзеннің арғы бетіне осы паром арқылы өткізілетін болады.

Өзеннің арғы жағында Терісаққан ауылы, Есіл ауылдық округінің Қазақстан ауылы, Жаңақима ауылдық округінің Жаңа Қима, Жирен, Кеңарал, Трудовое ауылдарының бөлімшелері орналасқан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында су басқан ауылдан науқас әйел қайықпен құтқарылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар