12:24, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Жақсы ауылында 16 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Жақсы ауданының орталығы Жақсы ауылында 16 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріліп, бюджеттік сала қызметкерлері қоныс тойларын атап өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Аудан әкімі Ибрагим Қабдығалиевтің айтуынша, қаңқасы қалған ғимаратты қайта қалпына келтіріп, іске қосу мақсатына жергілікті бюджеттен 45 миллион теңге қаржы бөлінген. Енді міне қайта жаңғырған ғимарат әсем баспанаға айналып, тұрғындар игілігіне беріліп отыр. Еуро үлгідегі жөндеу жұмыстары, ауласын абаттандыру шешімін тауып, талапқа сәйкестендірілген. Жайлы үйден төрт медицина қызметкері, үш мұғалім, мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдары өкілдері баспаналы болды. Ал бір пәтер көп балалы отбасы еншісіне бұйырды. Жалпы облыс бойынша ағымдағы жылдың алғашқы айында бес мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтерлердің әр шаршы метрінің құны - 32 мың 500 теңгеден.