Жақыныңа жанашыр бол: БҚО-да коронавирус жұқтырған 16 адам ауыр халде жатыр

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың брифингте мәлім еткеніндей, өңірде барлығы 967 науқас тіркелсе, соның 240-ы жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде.
Соның алтауы – балалар. 64-і – ауру белгісі байқалмайтындар, 58-і – жеңіл, 102-сі орташа халде.
16 адам ауыр халде болса, соның төртеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Олардың біреуі 38, екіншісі 73, қалған екеуі 60 жаста. Жеті науқас жансақтау бөлімінде жатса, тағы жетеуі интенсивті терапия палатасында. Соңғы кезде ауыр халдегі науқастар көбейіп барады. Әсіресе, пневмониямен сырқаттанғандар саны 53-ке жетті. Олар оттегі маскасына тәуелді. Оттегі маскасын киген бұл науқастар да барынша назар аударуды, тиісті емді қажет етеді.
Өткен демалыс күндері 47 науқас тіркелді.
«Кейінгі кезде адамдар көшелерге көп шыға бастады. Маска тақпайтындар, әлеуметтік арақашықтықты сақтамайтындар аз емес. Соның салдарынан бір адам ауырса, онымен қарым-қатынаста болғандар арасында вирус та тез тарайды. Әсіресе, коронавирус жасы ұлғайған жандар, бұрыннан аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Сондықтан өз жақындарыңызға дерт жұқтырмау үшін тұрғындарды шектеу шараларын барынша қатаң сақтауға тағы да шақырамыз», деді Б.Қаюпов.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, коронавирустың өткен аптадағы орташа өсімі 2,4 пайызды құрады.
Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Ауырғандардың 56 пайызы – бұрын індет жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар. Сырқаттардың басым көпшілігі (821-і) Орал қаласында тіркелсе, Ақжайық ауданында – 5, Бөкей ордасында – 3, Бөрліде – 16, Жаңақалада – 5, Жәнібекте – 12, Бәйтеректе – 39, Қаратөбеде – 2, Сырымда – 12, Тасқалада – 30, Теректіде – 20, Шыңғырлауда 2 адам ауырды. Дерт жалғыз тек Қазталов ауданында ғана тіркелген жоқ.
Сырым, Қаратөбе, Жаңақала аудандарында шектеу шаралары енгізілсе, сондай-ақ Орал қаласында да кейбір нысандар карантинге жабылды.
М.Арыспаев 15 маусымнан бастап енгізілген шектеу шараларын сақтау қажеттігін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 15 маусымнан бастап қандай шектеу шаралары енгізілетінін, коронавирустан қайтқан қарияның ауруханаға өте ауыр жағдайда түскенін жазған болатынбыз.