Жалағаш ауданында өндірістік аймақ құрылады - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 17 ақпан. ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы күріштік алқабы мол өңір - Жалағаш ауданында өндірістік аймақ құрылады. Қазір мұнда индустриялық бағдарламаның негізінде осы идеяны жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр.
None
None

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Негізгі шаруашылығы - күріш өсірумен қатар, одан басқа да өнімдер шығаратын зауыт ашу арқылы жүргізілетін бұл аймақтың аты «Серпін» деп аталады. Ол 20 гектарға жуық алқапқа күріш егеді. Осының ауқымында 20 өндірістік кәсіпорын жұмыс жасайды. Ал мұнда инвесторларды тарту үшін аудан әкімі алқаптарға дейін тегіс жолдардың салынуын, су құбырлары жүргізіліп, кәріз жүйелерінің жасалуын, сондай-ақ электр желілері келуін қамтамасыз етуді өз жауапкершілігіне алады.

Алдын ала есептеулерге қарағанда, бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін 120 млн. теңгеге жуық қаражат керек болады. Ал кәсіпкерлерден қазірдің өзінде осы жобаға атсалысуға тілек білдіргендер табылып жатыр. Олар мұнда құрылыс материалдарын, макарон өнімдерін, тротуар плиталарын және мал соятын цехтар салып беруге ынта танытты. Солардың бірі - жергілікті кәсіпкер Дастан Жарасбаев қазірдің өзінде 14 млн. теңгеге жуық қаржы шығарып, жылына жүздеген тонна ет өндіретін цех пен ет сататын дүкендер жүйесін ашып үлгеріпті. Кәсіпкердің айтуынша, ол бұл жұмыстарды «Сыбаға» бағдарламасына қатысушы ретінде алған жеңілдетілген несиесі арқылы жүзеге асырған.

Енді өндірісті аймақтың құрылуына байланысты Жалағаш ауданының тұрғындары қысы-жазы көкөніс өнімдерін пайдаланып отыратын болады. Сол мақсатта бүгінде «ШНС» ЖШС жылыжайлар құрылысын бастап кетті. Серіктестік оны 2013 жылдың соңына дейін аяқтап шықпақшы. Ол 30-ға жуық жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Ал жылыжай кешені 5 гектар жерге орналасады. Ол үш бөліктен құралады. Жобаны құны - 250 млн. теңгеге жуық. Серіктестіктің жетекшісі Нұрадин Шарафадинов кешеннің жылыту жүйесі де алдын ала ойластырылғанын айтып отыр.

Жақында осы ауданда жұмыс сапарымен арнайы болғанында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өнеркәсіптік аймақ құру жөніндегі оң тәжірибенің енді өңірдегі басқа аудандар үшін де үлгі болуға тиіс екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар