Жалағаш кентінде Бұқарбай батырдың жасы 100-ден асқан шөбересі тұрады

None
None
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Жалағаш кентінің Нысанбай жырау көшесіндегі №136 үйдің есігі қысы-жазы жабылмайды деуге болады.

 Себебі, мұнда ғасыр жасаған Раушан атты ана тұрады, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Білетіндер оның атын атамайды, «Алып ана» дейді. Оның да өзіндік себебі бар. Енді соның мән-жайына тоқталайық.

Раушан апа жас кезінде сов­хозда сауыншы болып жұмыс жасап жүргенде, сол шаруашы­лықта қасына жан жуытпайтын сүзеген бұқа болыпты. Бірде жұмыста жүрген Раушан ойда жоқта сол бұқамен бетпе-бет кездесіп қалыпты. Қашуға мүм­кіндік болмаса керек. Бұқа қарап тұрсын ба, мүйізімен түйремек болып ұмтылған ғой. Сол кезде жас келіншек қос қолымен оның мүйізінен ұстай алып, жер табандап тұрып ал­ған көрінеді. Мұндай ке­дергіге бұрын-соңды кезікпеген әлгі бұқа бар пәрменімен оңды-солды бұлқынса керек. Сол кезде қос мүйізі қабығымен сыпырылып келіншектің қолында қалыпты. Бір ғажабы әлгі бұқа содан кейін адамға ұмтылуын қойған көрінеді. Бұл оқиға тез арада аудан көлеміндегі елді-мекендердің барлығына тарайды. Сүзеген бұқаның тірідей қос мүйізін жұлып алған бұл өзі неткен алып келіншек деп оны көруге арнайы келушілер қатары да аз болмапты.

Міне, біз бүгін уақытында алып келіншек атанған, 101 жас­тағы Раушан апаның үйіне келіп отырмыз.

Апамыз мұнтаздай тап-таза бөлмеде демалып жатыр екен. Біз барғаннан кейін асықпай тұрып, сәлемдесіп болған соң жайғасып отырыңдар дегендей ишарат білдірді. Сөзді келіні Бақыткүл бастады.

- Ене, бұл кісілер сізге арнайы келіпті. Қазір сізді суретке түсіреді. Өзіңіз жайлы газет бетіне мақала жазбақ, - деді.

Осы сәтті күтіп тұрғандай менің серігім, аудандық «Жал­ағаш жаршысы» газетінің фо­то­тілшісі Махамбет Ахметов өз қызметіне кірісіп те кетті.

Біз Раушан апайдан өзі жайлы әңгіме айтып беруін өтіндік.

- Бұқарбай батыр бабамыз­дың жұбайы Шынар анамыздан үш бала болыпты. Олар: Көті­бар, Алданазар, Томан. Бұлар­дың үшеуінен де ұрпақтар бар. Мен Алданазар атамның баласы Серәлі әкем мен Дәмегүл ше­шем­нің отбасында 1901 жылы дүниеге келіппін. Атам Алданазар үш жүзге белгілі, дуалы ауызды, әрі әділетті, әрі тапқыр, әрі өткір азамат болыпты. Ел арасында Алданазар айтыпты деген өнегелі, өсиетті сөздер көп. Мен жас кезімде сол атам­ның әңгімесін естіп өскенмін.

Атам жазғытұрым жайлауға көшіп шыққаннан кейін көгал­ға кілемді төсетіп, оның үстіне қат-қабат салынған көрпеге жай­ғасып отыратын еді. Жай отырмайтын, айналасына бар­лық не­мерелерін, ауылдың бар­лық балаларын жинап алып, ұлдарды өз алдына, қыздарды өз алдына күрестіретін. Сонда мен өз қа­тар­ларымның барлы­ғы­нан да басым түсетінмін. Атам Алданазар 1928 жылы көктемде, ел Қара­құм­ға көшіп бара жатқанда «Жың­ғылды қақ» деген жерде, 84 жасында қайтыс болды. Атам­ның де­не­сін әкесі Бұқарбай батыр ба­бамның қасына жерледі деген ол әңгімесін одан әрі жалғас­тырып әкетті. - Иә, уақыт шір­кін өз дегенін жасайды екен. Жас ұлғайған соң адам ұмытшақ бола ма деймін. Айтайын десең, көп нәрсе есте сақталмапты. Біздер жасымызда «Қызға қырық үйден тиым» деген сөзді естіп, қазақтың салт-дәстүрін үлкендер­дің айтуы бойынша есімізде сақтап, оны іс жүзінде орындауға талпынып өскен ұрпақпыз.

Әкем мен бесікте жатқанда өзінің замандасы Табын руының Мөңке аталығының Қаржаубай атты азаматымен құда болуға уағдаласыпты.

Сонау жылдардағы зобалаң заманда әкемнің құдасы Өзбек­стан жаққа қоныс аударып, елге кейін оралыпты. Олардан хабар күткен әке-шешем мені аталған жерге тұрмысқа 16 жасымда шы­ғарды. Келін болып, түскен­нен кейінгі басты мақсатым - өз әулетіме кір келтірмей, барған жеріме судай сіңіп кету болды. Шүкір, ол мақсатыма да жеттім. Дүниеге сегіз перзент әкелдім. Өкініштісі алтауы жастайынан шетінеп, Орынкүл мен Орынбек қана ұрпақ жалғастырып отыр.

Жалпы, елімізде әрбір отбасынан Ұлы Отан соғысына қа­тыспаған адам кемде-кем, тіптен жоқта шығар. Мұндай зобалаң Қаржаубай ақсақалдың да отбасын шарпып өтті. Жалғыз ұлы Емберген де 1942 жылдың тамыз айында Жосалы стансасынан қызыл вагонға мініп, со­ғысқа аттанған еді.

- Ембергенді, бүкіл отбасымызбен, ағайын-туған болып, шы­ғарып салдық. Жосалы стансасына жиналған жұртта есеп жоқ болатын. Жылаған әйелдер­дің зарлы дауысы арада қанша жыл өтсе де құлақтан кетер емес. Бұл бір естен кетпейтін күн болды. Әсіресе, күйеуімнің «бала­лар­дың аманшылығына қа­ра» деген сөзі құлағымда әліге дейін ызыңдап тұрғандай болады, - деп аяқтады сөзін Раушан апа.

Қолында қарт ата-енесі және екі баламен қалған ол енді үй шаруасымен отыра беруге бол­май­тындығын күйеуі соғысқа аттанған күнінен-ақ сезіне бастады. Ол кезде отырған қоныс­тары «Иіркөл» аталатын колхоз орталығы еді. Тұрмыс қиынды­ғымен күресуге белді бекем бу­ған ол еңбек жолын сауын­шылықтан бастады.

Осы жұмысты ол қырық жыл бойы, яғни 70 жасқа дейін ат­қарыпты. Өзімен еңбектес бол­ған зейнеткерлердің айтуынша, Раушан апа қандай сиыр сауса да сүт бұлағын ағызған көрі­неді. Соны білетін ферма мең­герушісі мұның алдына емшегі қатты, сүт бергісі келмейтін асау сиырларды әкеліп береді екен. Ол кезде сүт сауатын техни­каның жоқтығынан барлық жұ­мыс қолмен істелетін. Жаздың тас қайнатар шілдесінде, қыстың қақаған қытымыр аязында сауын малын күтіп баптау, одан сүт сауып алу оңай шаруа емес-ті. Осындай қиындыққа ол төзе де білді, оны жеңе де білді. Бүгінде осындай ғасыр жасаған ардагер ананың бар екендігін біреу біл­се, біреу білмейді. Осы орайда біздер, көпшілік қауым, облыс­тық ардагерлер кеңесі аймақ басшысымен келісе отырып, облыс­тық теледидарда, газеттерде «Ға­сыр ғұмыр ғибраты» атты айдармен ғасыр жасағандарды елге таныстыруды мақсат тұтып отыр­мыз. Мұның әсіресе, жастар тәрбиесіне қосар үлесі мол деген ойдамыз.

Әрбір жақсы бастама айна­лаға жақсы жаңалық әкеледі. Осы бас­тама арқылы адам жа­нының ұзақ өмір сүруге мүм­кіндігі бар екен­дігіне, қолға алса жеңбейтін қи­ын­дықтың бол­майтындығына өзі­міз де куә болып отырмыз. Сондай кейіп­керіміздің бірі - өзіміз әңгіме етіп отырған Раушан Қо­саева апайымыз.

Апайымыздың өмір белесте­рінде көрген қиындықтарын ауызбен айтып жеткізу тіптен қиын. Өткен ғасырдағы отызыншы жылдардың ашаршылығын басынан кешірген ананың өмі­ріңдегі ең ауыр қасірет 1944 жылы Ембергеннен қара қағаз келуі еді. Алланың жазуынан артық ештеңе болмайды деген тоқтам­ға келген ол жарының соғысқа аттанып бара жатқандағы «ба­лалардың аманшылығына қара» деген ең соңғы сөзін есіне алды. Ендігі алға қойған ең басты мақсаты екі баланы аман-есен ер жеткізу болды. Соғыс жеңіспен аяқталып, бейбіт өмір басталды. Соғыстан әбігер болған халық енді-енді есін жинай бастады.

Раушан апамыздың бұл ке­зең­дегі еңбек жолы жайлы М.Шә­менов атындағы ауылдың ардагерлер ұйымының жетек­шісі Тоқсейіт Қабылов ағамыз былай деп сыр шертеді.

- Раушан мен үшін жеңге, ал мен ол үшін қайнымын. Бір сөз­бен айтқанда, оның келін болып түскенін көргендердің бірімін. Ол кезде той болған үйге ауыл адамдарының тай-тұяғы қалмай жиналатын еді. Біз бұл кезде ойын баласы едік. Кейін колхоздас­тыру науқаны басталған кезде бұл аймақта «Иіркөл», «Бел­сенді», «Жігер» атты шағын-шағын колхоздар пайда болды.

1949 жылдың басында үш колхоз қосылып «Молотов» атауын алды. Кейін «Коммунизм», сосын Мөрәлі Шәменов атын­дағы шаруашылық болды. Жең­геміз ағамыз соғысқа кеткеннен кейін колхозда сауыншы болып жұмыс істеді. Сауыншылықты зейнетке шыққаннан кейін де жалғастырып, 40 жыл бойы сүт бұлағын ағызды. Бірнеше дүркін аудан бойынша ең үздік сауыншы атанды. Москвадағы ауыл шаруашылығы көрмесінің бірне­ше рет медалін алды. Бұл ең­бектегі қолы жеткен табысы.

Ал, оның күнделікті қара­пайым өмірдегі өнегелі істері өз алдына. Ол адамды жатырқау дегенді білмейді. Ешкімді бөліп-жармайды. Адамның барлығы да оған туыс. Үлкенді де, кішіні де құрметтеді. Қаншама жыл бірге көрші тұрғанда оның біреуге ашу шақырып, біреуге ренжіген кезін көрген емеспіз.

Жеңгеміз тұрмыс-тіршіліктің де, жесірліктің де азабын көрген адам. Күйеуінен жас қалған көп әйелдердің қайтадан тұрмыс құр­ғандарының да куәсі болдық. Ол да өмір заңдылығы. Ал, біздің жең­геміз ағамыздың ша­ңы­рағының түтінін түтетуден жазбады. Балаларын тәрбиелей жүріп, басына түс­кен барлық қиындықты жеңе білді.

Жеңгеміздің аса қайратты, аса қарулы әйел болғандығы бұл аймақтағы барша жұртқа мәлім. Бір мысал келтірейін.

1964 жылдың жаз айларының бірі болатын. Азаңғы сауыннан кейін дем алып отырған сауын­шыларға таяп келген Төкен Мін­айдаров деген азамат Раушан­ның ту сыртынан келіп, «Же­ңеше, сенің күштілігіңді кө­рейін» деп өзінің 150 кило­грам­дық салмағына сеніп оны екі иығынан баса бастаған кезде, жеңгесі отырған күйінше екі қолымен қайнысын басынан асыра лақтырып жібергенін өз көзімізбен көргенбіз деді 90 жастағы қайнысы Тоқсейіт Қа­былов ағамыз. Мұндай өз зама­нының алып анасын қалай ма­дақтаса да, қалай дәріптесе де, қалай құрметтесе де артық емес. Бұл да Тоқсейіт ақсақалдың айт­қаны. Бұған біз де қосыламыз.

Қызы Орынкүлмен отбасында кездесіп, Раушан апай жайлы сөз қозғаған едік. Сонда сексен­нің төріне тақаған Орынкүл апай бізге былай деді:

- Апам бізді жасымыздан ең­бек етуге үйретті. Қолдағы мал­дың қыстық азығын дайындау інім Орынбек екеуміздің мойнымызда болатын. Қыста жаға­тын отынды да екеуміз әзір­лейтінбіз. Одан жаман болға­нымыз жоқ. Жұрт қатарлы білім де алдық. Зейнеткерлікке шық­қанға дейін аудандағы элеваторда күрішті ақ­тау цехында еңбек жасадым. Бү­гінде немере-шөбе­ре­лердің қы­зы­ғын көріп отыр­ған жайымыз бар. Апамның дене бітімі, жүріс-тұ­рысы, отырысы ғасыр жасаса да өз қалпынан пәлендей өзгере қойған жоқ. Рас, көзінің көруі ой­дағыдай емес. Әйтсе де еш­кімге салмақ салмай өзі жү­реді. Үйге аға­йын-туыстар келсе дауысынан-ақ таниды. Оған да шүкіршілік жасаймыз. Жүзден асса да аман болса екен деп тілейміз. Біз­дерге ол әлі бұрын­ғыдай жас сияқты көрінеді.

Осының алдында Раушан апай­мен әңгіме үстінде Орын­күл сіздің тұңғышыңыз ба деп сұрағанбыз.

- Иә, ол тұңғышым. Бірақ өзі кішкентайынан ата-енемнің бауырында өскендіктен, әжем­нің қызымын дейді деді ол.

- Сізді ше?

- Мені апа дейді. Оның өзі де сексенге қадам басты. Кү­йеуі Қаршабек екеуі өмірге 6 бала әкеліп, 14 немере сүйіп отыр.

- Ал, өзіңізден тараған үрім-бұтақ қанша?

- Мен қызым мен ұлымнан 10 немере,14 шөбере, 3 шөп­шек сүйіп отырмын.

Әңгіме арасында әрбір адам­ның ең басты арманы ұзақ жасау ғой. Бәрі де жүзге жетуді армандайды. Алайда бүкіл аудан­дағы 40 мың адамның ішінен жүзден асқаны екеу ғана. Со­ның бірі өзіңіз. Сіздің арманы­ңыз бар ма? - деге­німізде:

- Армансыз адам болмайды. Өйткені, арман болмаса өмір де болмайды. Әрине, менің де арманым бар. Осы биыл Бұқар­бай батыр бабамыздың 200 жыл­дық мерейтойы болады. Соған қатысып, сол тойды көр­сем деймін. Ұрпағым аман болсын, ел биікке жетсін деп те армандаймын.

Арман демекші, Раушан ананың ұлы Орынбек 52 жасында дүниеден озыпты. Бү­гінде бары да, нары да келіні Бақыткүл мен одан туған неме­релері: Нұ­рым­жан, Рахымжан, Әлия, Әсия.

- Нұрымжан мен Рахымжан көзімнің қарасы болса, Әлия мен Әсия көзімнің ағы ғой, - дейді Раушан әже.

Адам өмірінде небір таңға­жайып сәттер болып жатады. Оны адамның өзі аңғарма­ға­нымен сырт көзге бірден бай­қалады. Сондай сәттердің Раушан апайдың өмір жолында да аз болмағандығын онымен ең­бектес болған қариялардан ес­тіп біліп отырмыз. Мәселен, Раушан апай 70 жасқа дейін еңбектен қол үзбепті. «Зейнет­керлікке шық­тыңыз, демалмайсыз ба?! деген балаларына. - Менің он екі мүшел қозғалыста болмаса жаным жай таппайды, бос отырсам ауырып қаламын - деген ол одан әрі. Қарап тұрсам заман жақсы, ел тыныш, барлық жерде тоқшылық. Соған қарамастан, көптеген адамдардың, тіпті жас­тардың да өлім-жітімі көбейді. Миына қан құйылды, жүрегі тоқтап қалды дейді. Мұның барлығы, менімше дене қозға­лысының аздығы ма деймін. Осы күні аттам жерге жұрт жаяу жүр­мейтін болды. Соның зардабы бәрі де  - дейді екен ол.

Қарапайым еңбек адамы­ның осы тұжырымы қарап отыр­­саңыз, шындықтан алшақ жатқан жоқ.

Соңғы жаңалықтар