Жалақысы 2 млн теңгеге дейін: Қазақстанда қандай мамандарға сұраныс жоғары
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жасанды интеллект, деректерді талдау және киберқауіпсіздік саласының мамандарына сұраныс артып жатыр. Тіпті, кейбір IT мамандарына ұсынылатын жалақы 2 млн теңгеден асады. Kazinform тілшісі толығырақ тарқатты.
Қандай мамандар бағаланады?
Қазақстандық компаниялар шешім қабылдауда деректерді жиі пайдаланады. Өйткені дәл осы сату көлемі, клиенттердің сұранысы, қаржылық операциялар мен пайдаланушылардың мінез-құлқы туралы ақпаратты талдау бизнестің жұмысын жоспарлауға және болжауға мүмкіндік береді.
Мәселен, Data Scientist, яғни деректерді талдау маманы үлкен көлемдегі ақпаратты саралап, түрлі процестерді болжауға көмектесетін математикалық модельдер әзірлейді. Банктерде мұндай модельдер несие тәуекелдерін бағалауға, саудада сұранысты болжауға, ал цифрлық сервистерде пайдаланушылардың мінез-құлқын зерттеуге қолданылады. Бұл жұмыс үшін Python, SQL, математика, статистика және машиналық оқыту бойынша білім қажет.
HeadHunter платформасында 2026 жылғы қазанда жарияланған бос жұмыс орындарында Data Scientist мамандарына айына 300 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылған. Төменгі көрсеткіш салыққа дейінгі жалақыны қамтыса, 1,5–2 млн теңгелік ұсыныстар кемінде үш жылдық тәжірибесі бар мамандарға арналған.
Ал осы талдауға қажетті деректерді жинау мен өңдеу жүйелеріне Data Engineer жауап береді. Ол әртүрлі дереккөздерден ақпарат жинайтын, оны сақтайтын және тасымалдайтын жүйелерді әзірлеп, олардың тұрақты жұмысын бақылайды. Бұл бағытта Python, SQL, деректер базасы, Apache Airflow және үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеу технологияларын меңгеру маңызды.
2026 жылғы қазан айының соңында Қазақстандағы Data Engineer мамандарына ұсынылған жалақы 550–850 мың теңге аралығында болды. Тәжірибелі мамандарға 900 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін ұсынған вакансиялар да кездесті. Кейбір жұмыс берушілер қолға тиетін жалақыны көрсетсе, енді бірі салыққа дейінгі соманы немесе жалақының салықтық мәртебесін нақтыламаған.
Жасанды интеллект мамандары қанша табыс табады?
Жасанды интеллектінің дамуы IT нарығында жаңа мамандықтарға сұранысты арттырды. Әсіресе компаниялар нейрондық желілерді өз қызметіне енгізіп, күнделікті процестерді автоматтандыруға басымдық беріп отыр. Осы бағытта AI Engineer және AI Automation Specialist мамандарының рөлі артып келеді.
AI Engineer, яғни жасанды интеллект инженері нейрондық желілер негізінде чат-боттар, интеллектуалды көмекшілер, құжаттарды талдау және ақпаратты өңдеу жүйелері сияқты шешімдерді әзірлеп, қолданысқа енгізеді. Бұл үшін Python, машиналық оқыту, үлкен тілдік модельдер (LLM) бойынша білім және API-мен жұмыс істеу дағдылары қажет. 2026 жылғы қазанда Қазақстанда жарияланған бос жұмыс орындарында мұндай мамандарға айына 550–900 мың теңге жалақы ұсынылды. Ал AI/ML Specialist мамандарына салыққа дейін 750 мыңнан 1,3 млн теңгеге дейін ұсынған жұмыс берушілер болды.
Компаниялардың барлығы бірдей жеке нейрондық желі әзірлемейді. Көпшілігі дайын модельдерді өз міндеттеріне бейімдеп, жұмыс процестеріне енгізуді жөн көреді. Бұл жұмысты AI Automation Specialist, яғни жасанды интеллект көмегімен процестерді автоматтандыру маманы атқарады. Ол нейрондық желілерді CRM жүйелерімен, электрондық кестелермен және басқа бағдарламалармен байланыстырып, өтінімдерді өңдеу, құжаттарды әзірлеу және клиенттерге жауап беру сияқты міндеттерді автоматтандырады.
Бұл бағытта Python, API, n8n сияқты автоматтандыру платформаларын меңгеру және ЖИ агенттерінің жұмыс істеу қағидаттарын түсіну қажет. 2026 жылғы қазанда Астанадағы жұмыс берушілер мұндай мамандарға қолға 500–600 мың теңге жалақы ұсынған.
ЖИ модельдерінің тұрақты жұмысын кім қамтамасыз етеді?
Жасанды интеллект шешімдерін әзірлеп, қолданысқа енгізумен жұмыс аяқталмайды. Олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, модельдерді жаңарту және өнімділігін бақылау қажет. Бұл міндеттерді MLOps Engineer және LLMOps Engineer сияқты тар бейінді мамандар атқарады. Олар машиналық оқыту және үлкен тілдік модельдерді оқыту, тестілеу, іске қосу мен бақылау процестеріне жауап береді. Сонымен қатар қажетті инфрақұрылымды жүйелеп, модельдерді басқа сервистермен біріктіреді және деректердің қауіпсіздігін қадағалайды.
Бұл бағытта жұмыс істеу үшін Python, Docker, Kubernetes, CI/CD, машиналық оқыту және заманауи тілдік модельдер бойынша білім қажет. Биыл қазанда HeadHunter платформасында MLOps/LLMOps Engineer маманына айына 1,5–2 млн теңге жалақы ұсынған вакансия жарияланды. Бұл сома салықтар мен міндетті аударымдар ұсталғанға дейінгі жалақыны білдіреді. Үміткерден кемінде екі жылдық практикалық тәжірибе талап етілген.
Цифрлық инфрақұрылым кеңейген сайын ақпараттық жүйелерді қорғау мәселесі де өзекті бола түседі. Жеке деректердің таралуы, кибершабуылдар мен бағдарламалық жасақтамадағы осалдықтардың алдын алу компаниялар үшін маңызды міндетке айналды. Сондықтан еңбек нарығында киберқауіпсіздік мамандарына да сұраныс бар.
Киберқауіпсіздік мамандары қанша табыс табады?
Ақпараттық жүйелерді қорғау үшін компанияларға бағдарламалық жасақтама мен желілік инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар қажет. Солардың бірі – AppSec Engineer, яғни қосымшалар қауіпсіздігі жөніндегі инженер. Ол бағдарламалық жасақтаманы осал тұстарға тексеріп, кодты талдайды және өнім іске қосылғанға дейін анықталған кемшіліктерді жоюға көмектеседі. Бұл жұмыс үшін бағдарламалау, желілік технологиялар, қауіпсіздікті тестілеу және қауіпсіз әзірлеу қағидаттарын меңгеру қажет.
Ал Network Security Engineer, яғни желілік қауіпсіздік инженері корпоративтік желілерді қорғауға жауап береді. Ол қолжетімділікті бақылау жүйелерін баптап, күдікті әрекеттерді анықтайды және кибершабуылдардың алдын алады. Бұл бағытта желілік хаттамаларды, операциялық жүйелерді, желіаралық экрандар мен қауіп-қатерлерді бақылау құралдарын білу маңызды. Дегенмен 2026 жылы жарияланған ашық вакансияларда осы мамандықтар бойынша жалақы мөлшері үнемі көрсетілмейді. Сондықтан нақты ортақ көрсеткішті анықтау қиын.
IT инфрақұрылымының қауіпсіздігімен қатар, оның үздіксіз жұмыс істеуін де қамтамасыз ету қажет. Бұл міндетті DevOps инженері атқарады. Ол серверлерді баптайды, инфрақұрылымды басқарады, әзірлеу процестерін автоматтандырады және бағдарламалық жаңартулардың іркіліссіз енгізілуіне жауап береді. Ол үшін Linux, Docker, Kubernetes, CI/CD және бұлтты технологияларды меңгеру қажет.
Еліміздегі өзекті вакансияларда DevOps инженерлеріне қолға 800 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылады. Ал кейбір жұмыс берушілер 500 мыңнан 2 млн теңгеге дейін төлеуге дайын. Айырмашылық маманның тәжірибесіне, инфрақұрылымның күрделілігіне және жауапкершілік деңгейіне байланысты.
Цифрлық өнімнің техникалық тұрғыдан тұрақты жұмыс істеуімен қатар, оның пайдаланушы сұранысына сай болуы да маңызды. Өнімнің бағытын айқындап, қандай функцияларды дамыту керегін анықтайтын маман – Product Manager, яғни цифрлық өнім менеджері.
Ол пайдаланушылардың қажеттіліктерін зерттейді, қосымша немесе онлайн-сервисті дамытудың басым бағыттарын белгілейді, өзгерістердің нәтижесін бағалайды. Сондай-ақ әзірлеушілермен, дизайнерлермен және сарапшылармен бірлесе жұмыс істейді. Елімізде Senior Product Manager мамандарына қолға 1,75–2,2 млн теңге жалақы ұсынылған. Мұндай ұсыныстар негізінен алты жылдан астам тәжірибесі бар мамандарға арналған.
Ең төменгі жалақы қандай?
Цифрлық өнімнің сапасы оның техникалық мүмкіндіктерімен ғана емес, пайдалануға қаншалықты ыңғайлы екенімен де өлшенеді. Бұл бағытта UX/UI дизайнер жұмыс істейді. Ол сайт пен қосымшалардың интерфейсін жобалап, элементтердің орналасуын, навигациясын және визуалды безендірілуін әзірлейді. Негізгі мақсаты – сервисті пайдаланушыға түсінікті әрі қолайлы ету. Жұмыста Figma, прототиптеу және пайдаланушы тәжірибесін зерттеу әдістері қолданылады.
Астанадағы өзекті вакансияларда бір жылдан үш жылға дейін тәжірибесі бар UX/UI дизайнерлеріне қолға 300–400 мың теңге жалақы ұсынылады. Оның мөлшері маманның портфолиосына, жобалардың күрделілігіне және кәсіби даярлық деңгейіне байланысты.
IT мамандарына сұраныс өңірлер бойынша да әркелкі. Мәселен, HeadHunter Қазақстан платформасының 2026 жылғы III тоқсан қорытындысы бойынша жарияланған вакансиялардың 38,7 пайызы Алматыға, 21,9 пайызы Астанаға тиесілі. Осылайша, IT саласындағы жұмыс ұсыныстарының басым бөлігі осы екі қалада шоғырланған.
Жалпы, IT мамандығын таңдағанда тек жалақыға емес, жұмыс берушілердің кәсіби талаптарына да назар аудару қажет. Жасанды интеллект саласында бағдарламалау мен машиналық оқыту, деректерді талдауда арнайы құралдарды меңгеру, киберқауіпсіздікте ақпараттық жүйелерді қорғау дағдылары маңызды. Ал цифрлық өнімдерді басқару мен жобалауда аналитикалық ойлау және пайдаланушы қажеттілігін түсіну қабілеті қажет.
Сонымен бірге вакансияларда көрсетілген жоғары жалақыға жаңадан бастаған маман бірден қол жеткізе алмайды. Нақты табыс жұмыс тәжірибесіне, біліктілік деңгейіне, өңірге және атқаратын міндеттердің күрделілігіне қарай өзгереді. Сондықтан IT саласындағы мансаптық мүмкіндіктерді бағалағанда жалақымен қатар, қажетті дағдылар мен тәжірибе талаптарын да ескерген жөн.
Бұған дейін Қазақстанда жастарға қандай мүмкіндіктер жасалғанын жазған едік.