«Жалған адамдарға жалақы төлеген»: Алматы облысында «Іле су» мекемесіне тексеріс жүргізілді
ҚОНАЕВ.KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Алматы облысында қызмет көрсететін «Іле су» мекемесінің жалған адамдарға жалақаны төлегені туралы ақпарат тарады.
– «Іле су» қызметкерлері басқарма тарапынан жалған адамдарға жалақы аударылатынын және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері бар екенін хабарлайды. Олар сондай-ақ қажет емес заттарды сатып алуға келісім жасасқан. Анықталған фактілер аудиторлық және сот процестерімен расталады, - деп жазды әлеуметтік желіде Темірлан Стечкин.
Бұл мәселеге байланысты Kazinform сауалына жауап берген Алматы облысының әкімдігі аталған мекемеде тексеріс жүргенін растады. Әкімдік мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта сот талқылаулары жүргізіліп жатыр.
– Осы жылдың 12 қаңтарынан 20 наурызына дейін Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Іле су» ШЖҚ МКК-ның қызметіне тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде бюджет қаражатының жалған тұлғалардың есепшоттарына аударылғаны және бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалғаны анықталды. Кәсіпорын бұл қорытындыларды жоққа шығаратын егжей-тегжейлі және негізделген қарсылықтар ұсынды. Қазіргі уақытта аудит қорытындысы мен тексеру барысында жасалған тұжырымдарды даулауға байланысты сот талқылаулары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылып жатқанын жазғанбыз.