Жалған ақпаратқа тосқауыл қоюдың жаңа тетіктері қандай
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымында 2025 жылы Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық іске қосылды. Осы орайда «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында бұл орталық жайында ОКҚ директоры Асқар Омаров баяндап берді.
– Асқар Қуанышұлы, орталықтың құрылуы заман талабы ма?
– Әрине, бұл орталық – қандай да бір мемлекеттік органның креативі емес, яғни әбден жетілген жоба, заман және қазіргі ақпараттық кеңістіктің сын-қатері аясында белгіленген объективті қажеттілік.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында былай деп атап өтті: «Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады».
Бұл ретте, Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталықты құру мемлекет үшін логикалық тұрғыда дұрыс қадам болды. Қоғамдық сенімді нығайту және цифрлық медиакеңістікте манипуляциядан қорғау үшін жаңа сын-қатерлерге жүйелі түрде әрекет ету маңызды. Осы орайда ақпараттық кеңістіктің мәнін өзгертіп жатқан жасанды интеллект пен технологияларды пайдалану саласына назар аудару керек.
Бүгінде фейктер қысым жасау, қоғамдық пікірді манипуляциялау және арандату құралына айналды. Мұндай жағдайда мемлекет жалған ақпаратқа қарсы тұрудың жүйелі тәсілін әзірлеуге міндетті.
Орталық коммуникациялар қызметі жалпыұлттық коммуникациялық алаң ретінде қызмет етеді, ең өзекті мәселелер мен оқиғалар бойынша мемлекеттік органдардың баспасөз мәслихаттары мен брифингілерін ұйымдастырады. Сонымен қатар ОКҚ дағдарысқа қарсы іс-қимыл саласында жұмыс атқарады. Мәселен, ОКҚ базасында үнемі орталық және жергілікті органдар қамтылатын Республикалық ақпараттық штаб құрылады.
Мұнымен қоса, ақпараттық кеңістіктің тез өзгеретін сипатын ескере отырып, жалған ақпаратқа қарсы күресті бөлек бағыт ретінде айқындауды жөн санадық. Бұл тұрғыда әлеуметтік желілерде жаңалықтардың лезде шығуы, фактілерді интерпретациялармен алмастыратын контенттің кең таралуы, сондай-ақ нейрондық желілер мен дипфейктерді қоса алғанда, технологиялардың қолданылуы мәселесіне мән беріліп отыр. Ең алдымен, бұл қадам фейктің пайда болуынан оны ресми түрде жоққа шығаруға дейінгі аралықты қысқартуға және жалған ақпаратты жоққа шығарудың тиімді жолдарын таңдауға мүмкіндік береді.
– Мұндай жылдамдықта әрекет ету үшін мықты мамандар командасы мен ауқымды техникалық мүмкіндіктер қажет емес пе?
– Иә, бізде бұл мүмкіндіктер жасалған. Орталықтың жұмысы коммуникация мен ақпаратты талдау саласындағы мамандарға негізделген және мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастыққа қызмет етеді. Бұл формат жедел түрде ресми түсініктеме беруге, ашықтықты қамтамасыз етіп, жалған мәліметті жылдам жоққа шығаруға мүмкіндік береді.
Оның алгоритміне тоқталсам, интернетте күмәнді немесе жалған ақпарат пайда болған кезде, құзыретті мемлекеттік органмен бірлескен талдау жүргізіледі. Соның нәтижесі бойынша ақпаратты ресми түрде жоққа шығару немесе растау туралы шешім қабылданады. Орталықтың мақсаты – нақты деректерге негізделген шынайы әрі сенімді ақпаратты кең аудиторияға, ең алдымен, әлеуметтік желілерде тарату. Осы ретте түрлі қауесет пен бұрмалаған мәліметке тосқауыл қойылады.
Орталық қызметкерлері апта сайын мемлекеттік органдар жоққа шығарған фейктер бойынша шолулар дайындайды. Осы орайда жалған ақпараттың мақсатына, оны дайындаудың тетіктері мен тарату тәсілдеріне толық талдау жасалады.
Бұл өз кезегінде қоғамда «иммунитет» қалыптастыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, орталықтың барлық ресми мәліметтері, аналитикалық шолулары ttps://t.me/AntiFakeCenter telegram арнасында жарияланады.
Сонымен қатар, әрбір шығарылым Орталық коммуникациялар қызметінің ресми платформасында жарияланады:
– Көп жағдайда қай тақырыптағы фейктерге назар аударасыздар?
– Жұмысымыздың негізгі қағидасына тоқталсам, адамдарды адастыратын немесе мемлекетке қатысты қоғам сеніміне нұқсан келтіретін кез келген қауесет орталық назарына алынады. Сондықтан әлеуметтік шиеленіс пен азаматтардың сенімсіздігін тудыруы мүмкін күмәнді мәліметтер бойынша барлық саланы қамтимыз.
Бірінші кезекте өмірлік маңызы бар қызметтер мен әлеуметтік секторға екпін қойылған, яғни медицина, азық-түлік және коммуналдық секторға қатысты мәселелер. Сондай-ақ қауіпсіздік және төтенше жағдайлар тақырыбына да ерекше мән береміз. Себебі, табиғи апат, эпидемия немесе қылмыстық оқиғалар туралы жалған ақпарат жаппай дүрбелеңге әкелуі ықтимал.
Қоғамда қақтығыс тудыруға, ұлттық бірлікті әлсіретуге және шетелде Қазақстан туралы теріс имидж қалыптастыруға бағытталған саяси арандатулар мен сыртқы үгіт-насихатқа назар аударамыз.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен елдің жоғары лауазымды шенеуніктерінің қызметі туралы жалған ақпараттарды бақылаймыз. Билік жұмысының беделін түсіретін жалған ақпарат тұрақтылыққа нұқсан келтіру мен мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсірету құралы ретінде пайдаланылатыны құпия емес.
– Адамдар интернеттегі күмәнді ақпарат бойынша орталыққа тікелей хабарласып, түсініктеме алуына мүмкіндік бар ма?
– Кез келген уақытта байланысқа шыға алады. Күмәнді ақпарат кеңінен таралмаса да, әр адамның оны тексертуге құқығы бар. Бұл - өте маңызды. Себебі фейктер көбінесе жабық чаттарда немесе шағын қауымдастықтарда жарияланады, содан кейін көпшілікке таралады.
Азаматтар күмәнді материалдарды өзіне ыңғайлы байланыс арналары арқылы жолдай алады - Telegram-дағы чат-бот: @AntiFakeCenterBot; ресми электронды пошта: jalgan-akparat@ortcom.kz.
Барлық келіп түскен өтінім талдаудан өтеді және қажет болған жағдайда, шара қолдану үшін құзыретті мемлекеттік органдарға жіберіледі.
Мақсатымыз - қазақстандықтар арасында күмәнді естілетін ақпаратты қайта тексеру әдетін қалыптастыру. Біртіндеп желіде отырғандар нақты деректерді қауесеттен оңай ажырата алатын деңгейге жетеді. Осы орайда адамдар түрлі арандатуларға қарсы тұра алады.
Жалпы алғанда, Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталықтың жұмысы қоғамның ақпараттық манипуляцияға төзімдірек болуына, сондай-ақ медиакеңістікте жауапкершіліктің артуына және оны ашық етуге ықпал етеді.
Бұл қадамдар адамдардың тек тексерілген дереккөздерге сүйенетінін, ал жалған ақпараттың әсері тез жоғалтатынын білдіреді. Осының нәтижесінде сенім мен факті үрей мен спекуляцияға қарағанда күштірек болатын ақпараттық ортаға қол жеткізуіміз керек.
Орталықтың мақсаты Президент белгілеген басымдықтармен тікелей үйлесетінін тағы да атап өткім келеді. Жолдауда стратегиялық мақсат қойылған: Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.
Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталықты құру - осы стратегияның маңызды элементі. Ол цифрлық медиакеңістікті қорғауды, сонымен қатар жаңа цифрлық мәдениетті қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда ақпараттық манипуляцияға төтеп беру қоғамды жаңғыртудың және ұлттық бірлікті нығайтудың негізі болады.