Жалған банкроттыққа жол бермеу керек - депутат
«Әрине, заң жобасында көптеген прогрессивтік тәсілдер көзделген. Алайда біз мемлекет мүддесін қорғауды да ерекше назарда ұстауымыз керек. Атап айтқанда, жалған банкроттық жағдайға алып келетін тәсілдер бар. Тағы бір пысықтайтын мәселе - ол бухгалтерлік балансқа сүйенуге қатысты. Яғни, олардың деректеріне сүйеніп, мәліметтерді назарға алу қаралып отыр. Ал шынтуайтына келгенде, осы бухгалтерлік баланстың өзі көп жағдайда нақты емес және кәсіптік деңгеде емес. Сондықтан Қаржы министрлігі бұл мәселені өздерінің бақылауынан жіберіп қойғандықтарын, осы орайда бұл бағыттағы әдіснаманы жақсарту қажетті туралы айттым. Өйткені бухгалтерлік балансқа негізделсек, онда ол нақты құжат болуы керек», - деп Омархан Өксікбаев тілшілерге берген сұхбатында.
Депутаттың пайымынша, бұл бағыттағы шаралар бақылауға жатуы тиіс. Мемлекет өз мүмкіндігімен оның барлығын бақылайтын күші жоқ, сондықтан осы заң жобасына соны қадағалайтын жағдайды ескеру керек. Себебі субъектінің өзі берген дерекке сүйенуге екпін қойылса, онда мемлекеттің мүддесі қорғалмауы мүмкін.
«Өздеріңіз білесіздер, елімізде екінші деңгейлі біраз банктер банкротқа ұшырап, өздерінің жұмыстарын тоқтатуда. Сол банктерде біздің квазимемлекеттік секторымыздың депозитке салған қаржылары қалып отыр. Ол қаржы қайтарылмаса, мемлекетке зиян келтіріледі. Сондықтан бұл тұрғыда заң жобасы аясында нақтылайтын қадамдар бар», - деді ол.
Атап айтқанда, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.
Заң жобасында банкроттық рәсімдерді өткізу мерзімін қысқарту ескерілген. Бұл ретте кредиторлар жиналысының бірқатар өкілеттіктерін мобильді кредиторлар комитетіне беру, басқарушылардың банктік құпияны құрайтын мәліметті алу тәртібін жеңілдету, әдейі және жалған банкроттық үшін жауаптылыққа тарту тәртібін өзгерту қарастырылған.
Фото: e-history.kz