Жалған есеп, елеулі заңсыздық: Экология министрлігі Президенттің 2 млрд ағаш егу тапсырмасын қалай орындап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Екі миллиард ағаш егу қалай жүріп жатыр? Неліктен оның орындалу мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды? Жалған есеппен кім айналысады, осы салада қандай заңсыздық анықталды және көшеттердің неше пайызы жерсініп кетеді? Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Jibek Joly студиясында берген сұхбатында осы және басқа да көптеген мәселе туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Ерлан Нысанбаев
Видеодан алынған кадр

Әдепкіде Мемлекет басшысының 2 млрд түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы 2025 жылға қарай толық орындалуы керек болатын. Кейін мерзім екі жылға шегерілді. Мұның себебі не?

– Ағаш егу – кешенді іс. Оның ішіне жұмыс жоспарын әзірлеу, тұқым жинау мен оны сақтау, топырақты дайындау, отырғызу жұмысы, күтіп-баптауға арналаған шаралар кіреді. Өткен жылы мемлекеттік орман қорына 1 миллиард 150 миллион көшет материалы егілді.

Тапсырманың толық көлемде орындалмауының басты себебі –қаржыландырудың болмауы. Мысалы, Президент тапсырмасына дейін жылына 50-55 мың гектар алқапқа ағаш отырғызсақ, қазір көлем бірнеше есе ұлғайды. Сәйкесінше, трактор, ағаш отырғызу техникалары мен жұмысшы санын арттыруымыз керек.

Тұқым көлемі де 2-2,5 есе өсті: бұрын 500 тоннаға жуық өнім жинасақ, енді 1250 тонна қажет. Тұқымсыз көшет алу мүмкін емес, ал техникасыз мұндай көлемдегі тұқымды отырғызу туралы сөздің өзі артық. Аталған бағыттағы жұмыстар автоматтандырылмаған, бәріне жұмыс күші, техника керек екені түсінікті. Әлем елдері де осы жолмен келе жатыр.

2021 жылы барлық құжат әзірленді, әрбір өңір бойынша кешенді жоспар түзілді. Соның негізінде орман шаруашылықтары өндірістік жоспар жасады. Бұл жоспарлар Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандарымен бірлесіп пысықталған. Жеке өзім әрбір орман шаруашылығымен кеңес өткізіп, қандай тұқым жиналатынын, қай жерде өсірілетінін, қандай ағаш түрі таңдалатынын талқыладым.

Демек, жоспардың толық орындалмауына әуелгіде белгіленген тиісті қаржының бөлінбеуі себеп болып отыр. Сондықтан межені 2027 жылға дейін ұзартуды ұсындық. Мемлекет басшысы да қолдау білдірді.

Ескеретін жайт, 2021-2023 жылдары жоспарланған жұмыстың 70-75 пайызы орындалды. Қалған бөлігі ғана 2026-2027 жылдарға шегерілді.

2023 жылдан бастап тұқым жинау мәселесін қатаң бақылауға алдық. Жапырақтұқымдас ағаштардың тұқымы шілде айында жиналса, қылқан жапырақты ағаштардың тұқымы қазан-қараша айларында алынады. Өткен жылдың мамыр айында жиын-терін жоспарын нақтылау үшін әкімдіктермен кездесу өткіздім. Қазан айында қылқан жапырақты тұқымдар мәселесін талқыладық.

Сондай-ақ қазір тұқымбақтардың ахуалын тексеру қарқын алды. Біздің аумақтық инспекциялар бұл мәселемен белсенді айналысуда. Бәріне 10 тамызға дейін 2026-2027 жылдарға арналған көшет өсіру жағдайы бойынша баяндама жасауды тапсырдым.

Жалпы әкімдіктер тарапынан түсіністік бар, қаржыландыру толық көлемде шешіледі деп санаймын.

Приписки, нарушения: как Минэкологии исполняет поручение Президента по высадке 2 млрд деревьев
Видеодан алынған кадр

- Премьер-министр өткен жылдың қазан айындағы Үкімет отырысында осы мәселені көтерген болатын. Айтыңызшы, әкімдіктер тарапынан жалған есеп беріле ме?

- Білесіз бе, министр лауазымына тағайындалған сәттен 2 млрд ағаш отырғызудың оңайға соқпайтынын білдім. Орман шаруашылығы саласының маманы болғандықтан көп мәселеге кезігетінімізді де топшыладым. 2023 жылдың қыркүйегінде қызметке кірісіп, бір айдан кейін іске кірісіп кеттік. Өңірлердегі мамандардың басын қосып, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2021 жылдан бері отырғызылған ағаштарды, егіс алқаптарын жаппай тексердік. Бұған орман шаруашылығының тәжірибелі мамандары, соның ішінде зейнетке шыққан мамандар да атсалысты.

Тексеріс нәтижесінде ағаштардың жерсінуі мен ағаш егілген алқаптар туралы статистиканың негізсіз ұлғайтып көрсетілгенін анықтадық, жалпы алғанда жобаның 25-30 пайызы орындалмаған.

Тексеру Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында жүргізілді. Іс-шара аясында анықталған кей дерек құқық қорғау органдарына берілді. Сондай-ақ кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдануды талап етіп, әкімдіктерге хат жолдадық. Бұл жұмыс жалғасуда.

Қайталап айтамын, өңірлердің 2026-2027 жылдардағы ағаш егу жобасына дайындығын тексеретін боламыз. Ең негізгі және қиын кезең – 2027 жыл. Өзіңізге белгілі, өткен жылы жоба мерзімі ұлғайтылды. Енді биыл үлкен көлемде тұқым дайындау қажет, ал келер жылы егу жұмысын бастаймыз. Демек, 2027 жыл нақты нәтиже үшін маңызды болмақ.

- Ағаштардың жерсінуі жайлы не айта аласыз? Осы орайда даулы көзқарас көп.

- Жерсіну тұрғысында нақты ұстаным бар, тақырып кеңестік дәуірден бері зерттеліп келеді. Ағаштардың жерсіну көрсеткіші топырақ пен климат жағдайына орай 30-70 пайыз аралығында құбылуы ықтимал. Түсіндірейін: 30 пайыз көрсеткіш шөлді және жартылай шөлді аумақтарға тән, мысалы сексеуіл отырғызу кезінде байқалады. Мұндай жағдайда 30 пайыз жерсіну жақсы көрсеткіш саналады. Ал 70 пайыз жерсіну орманды аймақта тіркеледі – орталық және солтүстік өңірлерде кезігетін көрсеткіш.

Мәселен, бір тұқымды әр өңірге ексек, әртүрлі нәтиже береді. Семей өңірінде климат күрт континентальды, демек жерсіну деңгейі төмен. Ақмола облысында жоғары. Мұның бәрі ғылыми негізі бар өлшемдер.

Егер қураған көшеттер 15 пайыздан асса, онда агротехникалық әдіс қолданылады. Орман шаруашылықтары нормативті жерсінуге дейін жеткізу үшін қосымша ағаш отырғызады.

Бақылау жүйесі қатаң әрі жүйеленген. Әрбір көшетті өсіруге мемлекет қаржысы жұмсалады, сол себепті орман шаруашылығының аумақтық инспекциялары бақылауды мұқият жүргізуге міндетті. Көктемде ағаш отырғызу науқаны басталса, күзде алғашқы тексеріс болады: көшеттердің жай-күйі, суаруы, керекті күтім деңгейі тексеріледі. Кейін жерсіну көрсеткішін бақылап, қураған көшет пен қайта отырғызуға қажет тұқым саны нақыталанады. Соңында акт жасалып, нұсқау беріледі. Әрбір көшет бақылауда.

Бақылау жоқ немесе көшет есебін сұрамайды деген пікір орынсыз.

- Бұл жерде адами факторды да ескеру қажет секілді. Ауыз жаласу байқалса…

– Мен министр қызметінде тұрғанда ешкімге жалған сөйлеуге жол бермеймін. Оның үстіне екіжақты бақылау бар. Жергілікті аумақтық инспекциялар кей заңсыздыққа көз жұма қарамауы үшін ескерту жасадым: олар 10 тамызға акт тапсырады, 15 тамыздан бастап қосымша тәуелсіз тексеріс басталады. Зейнеттегі орман шаруашылығы мамандарын уақытша жұмысқа қабылдап, бәрін қайта тексереміз. Орман шаруашылықтары мен аумақтық инспекциялардың жалған мәлімет толтыруына жол бермейміз.

Бір дүниені түсінуіміз керек, 1 миллиард 150 миллион көшет – тұқымбақтарда өсірілген және нақты отырғызылған көшеттердің жалпы саны. Ал жерсіну нормативі көшеттердің қурауының қалыпты деңгейін анықтау үшін қолданылады. Мысалы, қарағай ағашының белгілі бір өңірдегі жерсіну деңгейі 70 пайыз деп алайық. Егер орман шаруашылығы сол өңірге қарағай ағашын егіп, оның жерсіну деңгейі 60 пайызды құраса, онда қалған 10 пайыз үшін – яғни 70 пайызға толтыру мақсатында қосымша көшет отырғызады.

Бірақ біз есеп кезінде нақты отырғызылған көшет мөлшерін белгілейміз.

Приписки, нарушения: как Минэкологии исполняет поручение Президента по высадке 2 млрд деревьев
Видеодан алынған кадр

- 1 миллиард 150 миллион көшет отырғызылатыны туралы хабар тараған сәтте көбі күмәндана бастады. Жоспарланған аумақтың көлемін естіген ел бұл кезде картада Ақмола облысының аумағымен шамалас орманның ізі көрінуі керек еді деген пікір айтуда. Бұл сынға қалай қарайсыз?

- Мұндай пікірдегілер басым дені – орман шаруашылығынан хабары жоқ адамдар. Әрине, егер 2 млрд бірнеше жылдық үлкен ағаштарды отырғызады десе, мен де сенбес едім. Алайда әңгіме мемлекеттік орман қорындағы көшеттер жайлы болып отыр емес пе. Бұл көшеттердің ұзындығы 20-30 см, әрі кетсе – 35 см. Оның үстіне әр аймақтағы жоспарланған ағаш отырғызу тығыздығы әртүрлі. Мысалы, кей өңірде бір гектарға 7500-7800 түп көшет отырғызылса, бірінде 3500-4000 көшеттен аспайды. Бәрі норматив бойынша жасалып отыр.

Бір белсенді «бір ағашқа 3-4 шаршы метр жер керек, демек миллардаған ағаш ауқымды аумақты алады» деген уәж айтты. Алайда оның айтып отырған биіктігі бірнеше метр болатын үлкен ағаштарға қатысты. Біз тек көшеттерді ғана отырғызамыз.

Табиғатта да табиғи жаңару кезінде алдымен қаптап көшеттер шығады. Кейін Дарвин принципі бойынша табиғи сұрыпталып, кейбірі қурайды, кейбірі бой алып өседі. Сұрыпталып шыққан көшеттер бір-бірінің өсуіне мүмкіндік беріп, керекті деңгейде тығыздықты қалыптастырады. Біздегі ағаш отырғзу принципі де осы жүйе бойынша жұмыс істейді.

Әдепкіде климат пен топырақ көрсеткішін, қалыпты қурау деңгейін есептеу арқылы он түп көшет отырғызамыз. Бұл кейін сұрыпталып шыққан көшеттерге орын жетуі үшін жасалады. Айтып өткенімдей, кез келген ынталы адам тікелей байланысса, 2021 жылы көшет отырғызылған аумаққа апарамын. Сол жерде көшеттерді қалай есептейтінін, оларды қалай есепке алатынын егжей-тегжейлі көрсетеміз.

Бірде-бір гектар аумақ бақылаусыз қалмайды. «Ауадан алып» еш дерек тіркемейміз. Әңгіме мемлекет қаржысы туралы болғандықтан, қадағалау да қатаң. Арнайы процедуралар бар, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына, дәлдігіне және ашықтығына жауапты уәкілетті құрылымдық бөлімше жұмыс істейді.

- Ормандағы ағаштарды отау да өзекті мәселе болып отыр. Ішінде заңдысы, заңсызы кездеседі. Көптің сөзінше, кейінгі жылдары аталған үрдіс қарқын алған сыңайлы.

- Кейінгі жылдары елдегі ормандарды жаппай отап жатыр деуге келмес. Ормандағы ағаштарды кесу, әдейі өртеу секілді заңсыздықтың көбі 1990 немесе 2000 жылдары болды. Сол кезеңмен салыстырсақ, қазір ағаштарды кесу айтарлықтай азайды. Мұның барлығы қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің қатаңдағанымен байланысты.

Бүгінде мәселенің алдын алуда оң бетбұрыс бар. Алдымен құқықтық тұрғыда алға жылжу байқалады. Оған қоса халықаралық тәжірибелерді қолданып келеміз. Мысалы, мамандардың Беларусь мемлекетіне жасаған іссапары барысында ағаштарды таңбалау жүйесімен танысты. Бұл жүйе ағаштың өскен жері мен пайдаланылған жеріне дейін анықтауға мүмкіндік береді. Осы арқылы Беларусь елі заңсыз орман отау ісін түбегейлі тойтарды.

Мұндай балама әдіс басқа елдерде де қолданылады. Біз өзіміздің ақпараттық жүйемізді әзірлеуді бастадық. Қателеспесем, бір ай бұрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі біздің мамандармен бірлесіп осы жұмысты бастады. Қазір ағашты толық қадағалау, заңсыз пайдалануға қарсы жүйе құру бойынша жұмыс процесі жалғасуда.

– Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына қайта оралсақ. Сіздің ойыңызша, жобаны 2027 жылға қарай аяқтау мүмкін бе? 2 миллиард көшеттің қаншасы тамыр жаюы мүмкін?

- Әкімдіктермен бірге жаңа өндірістік және кешенді жоспар әзірлеу барысында барлық күмәнді мәселені талқыладық. Қазір нақты мақсат бар, яғни 2027 жылға дейін жылына қанша көшет егу керек, қанша көшет бой алуы керегі нақтыланды.

Қайталап айтамын, барлығы қаржыға байланысты. Қалғаны кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Министрліктің міндеті – жұмыс барысы мен қаржыландыру көлемін бақылау. Жеткілікті қаржыландыру болса, мүмкін емес нәрсе жоқ.

Өндіріс тұрғысынан да міндетті еңсеру қиын емес. Иә, қосымша техника санын ұлғайту қажеті түсінікті. Бұл мәселе шешілуде. Өткен жылдың қорытындысын қарасақ, 227 трактор сатып алынды. Әлі қатарға қосылатын техника жетерлік, себебі расында техникалар ескірген. Жаңадан алынған техникалар жұмысты уақытылы аяқтауға мүмкіндік береді.

Приписки, нарушения: как Минэкологии исполняет поручение Президента по высадке 2 млрд деревьев
Видеодан алынған кадр

- Қазірге дейін назардан түспеген тағы бір мәселе «Семей орманы резерватындағы өрт. Бұл трагедиядан министрлік қандай сабақ алды?

- Ең басты себеп, бәлкім, салаға орман шаруашылығынан мүлдем алыс адамдардың келгені шығар. Бұл басшылық құрамға да, орта буынға да қатысты көзқарас. Қазіргі таңда басшылық құрамның 30 пайыздан астамы салаға қатысы жоқ азаматтар. Өкінішке қарай, бұл фактіні жоққа шығара алмаймын.

Екіншісі, көптеген қызметкердің біліктілік деңгейі өте төмен. Білім дәрежесі көңіл көншітпейді. Кеңес уақытында мiндеттi болған өндiрiстiк практика қазір iс жүзiнде жоқ. Орман шаруашылығы факультетінде оқыған шақта екі жыл қатарынан екі-екі жарым ай өндірістік практикадан өттік. ІІІ курстан кейін дайын маман болдық. Сондықтан жоғары оқу орындарына өндірістік дайындыққа көбірек көңіл бөлуі қажет.

Есіңізде болса, 2022- 2023 жылдары ауданы 100 мың гектардан асатын ірі өрт болды. Сол кезде ең ауқымдысы Семейде болды: 63 мың гектар аумақты жалын шарпып, 15 әріптесіміз бақилық болды.

Осы қайғылы оқиғадан кейін қандай қорытынды жасадық? Біріншіден, өрттің алдын алу шарасын сапалы жүргізу керегін ұқтық. Яғни, әрбір өрт қауіпі артатын кезеңге дайындық қажет: өртке қарсы жолақтар әзірлеу, соқпақтар жырту. Бұл жерде де басты мәселе қаржыландыруға келіп тіреледі. Өкінішке қарай, орман шаруашылығы тек 2023 жылдан кейін мәселемен салмақты күресе бастады. Бүгінде өрт қаупі жоғары маусымға дайындық 100 пайыз орындалып жатыр. Ескеретін жайт, мемлекеттік орман қорының 80 пайызы жергілікті атқарушы органдардың қарамағында.

Екіншіден, материалдық-техникалық жарақтандырудың әлсіздігін айтар едім. 2023 жылы техникалардың 78 пайызы тозды, көбі кеңестік кезеңде алынған. Мұндай жарақпен алысқа бармасымыз аян.

Осыған байланысты Үкімет қайта жарақтандыру бойынша кешенді жоспар қабылдады. Екі жылдың ішінде жағдайды түзеттік. 2024 жылың өзінде 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді: оның 5,1 млрд теңгесі – министрлікке, 7 млрд теңгесі – жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне берілді.

Бұл қаражат есебінен техника толықты:

· 73 өрт сөндіру техникасы,

· 115 шағын орман өрт сөндіру техникасы,

· 227 трактор,

· 202 патрульдік автомашина,

· 24 ұшқышсыз құрал сатып алынды.

Биыл 35 млрд теңге көлемінде шығын жоспарланған, оның 20 млрд теңгесі жыл соңына дейін орман шаруашылықтарын жарақтандыруға жұмсалады. Жалпы, екі жылда 1900-ге жуық техника сатып аламыз, бұл 11 өңірдегі сұранысты жабуға мүмкіндік береді. Өзге өңірлерге қажетті техникаға қатысты жұмыстар жалғаса бермек.

Сондай-ақ өрттің алдын алу шарасын күшейттік. Біріншіден, заңнамалық база шегенделді. Мысалы, абайсызда орын алған өрт үшін бірден айыппұл салынады, яғни ескерту болмайды. Бұрын айыппұл 10 АЕК құраса, ендігі жағдайда бұдан да жоғары болуы мүмкін.

Екіншіден, жабдықтау бойынша жүйелі жұмыс жүрді. Өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді. Алдыңғы жылы әлемдік тәжірибені зерттей бастаған болатынбыз. Еуропаның көптеген елінде тепловизиялық камералар орнатылған. Бүгінгі таңда елдегі 1,3 млн гектар аумақ осындай жүйемен қамтылған, жыл соңына дейін 5,6 млн гектарға жететін болады. Өткен жылдың 10 маусымында «Семей орманы» резерватында осы жүйені толық орнаттық. Енді министрліктің диспетчерлік пунктіне және ТЖМ дағдарыс орталығына деректер нақты уақытта келіп түседі.

Үшіншіден, ТЖМ-мен бірлескен іс-қимыл алгоритмі бар. Өрт болған жағдайда барлық ведомстволардың күшін біріктіре аламыз. Қорғаныс министрлігі, ҰҚК және басқа құрылымдар көмекке келе алады. Бұрын бірлесе әрекет етуді ұйымдастыруға бірнеше сағат кететін еді.

- Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорация ғылыми-зерттеу институтының Алтай филиалының ғалымдары 2022 жылы ірі өрттер әрбір 10-12 жыл сайын қайталанатынын ескертіп, күн белсенділігінің кезекті шыңына жақындайтынымызды айтты. Олар мұны БАҚ арқылы да хабарлады, ішінде қураған, шіріген ағаштарға қатысты да пікір білдірді. Олардың тез жануға бейім екенін білесіз. Бұл оқиғадан кейін «Семей орманындағы» қайғылы жағдай орын алды. Сіз ғалымдардың пікіріне қаншалықты құлақ асасыз? Мысалы, олар орман жөніндегі нормативтік құжаттарды қайта қарау керек деп санайды. Ені 3-4 метрлік минералдандырылған жолақтар өрт кезінде пайда бермейтінін көрсетті. Орман алқабына жақын елді мекендерді қорғау қалай жүргізілмек? Бұл тұрғыда ойыңызды білсек.

- Қазақстан аумағындағы орман өрттерінің тарихына көз салсақ, 1997 жылға дейін жыл сайынғы өрт саны 250-350-ге дейін құбылғанын көреміз. Бүгінде бұл сан өсті.

Оған қоса ірі өрт жиіледі. Егер бұрын 20-25 жыл ішінде бір ірі өртті тіркеген болсақ, бүгінде бұл циклдің шамамен 12 жылға дейін қысқарғанын байқап отырмыз. Бұған жаһандық жылыну мен адами факторлар әсер етті.

Жалпы орман өрті - тұтас ғылым. Қазір елде орман пирологиясы атымен жоқ, ғалымдар тапшы. Бүгінде кеңестік кезеңдегі ғалымдардың орман өрттерінің алдын алу жөніндегі ғылыми жұмысын басшылыққа алып отырмыз.

Ал сіз айтқан орман соқпақтары мен жыралар туралы айтатын болсақ, онда мынаны түсіну керек. 4 метрлік өртке қарсы соқпақ пен 12 метрлік өртке қарсы аралық ең алдымен төменгі өртті тежеуге бағытталғанын ескеру қажет. Өйткені, жоғары өрт кезінде 100 метрлік өртке қарсы үзіктер де көмектесе алмайды.

Қатты жел мен өрт болған кезде қылқан жапырақтардың жалыны 200-250 метрге дейін жайылып кетуі мүмкін. Әрине, бұл ретте мұндай ауқымда, 100 метрлік өртке қарсы соқпақ қалыптастыру орасан шығын.

Бүгінде елімізде 300 мың шақырымнан астам өртке қарсы соқпақ бар. Оған қанша қаржы жұмсап отырғанымызды елестетіп көріңіз. Сондықтан бұл соқпақтар мен үзілістер белгілі бір рөл атқарады. Мысалы, жоғарғы өрт кезінде тірек желісі ретінде қолданамыз.

Минералдандырылған жолақтар төменгі өрт кезінде тиімді жұмыс істеуде. Сондықтан бастысы - жолақтардың ені емес, өртке жедел назар аудару.

- Сіз кеңес дәуіріндегі ғалымдарды айтып қалдыңыз. Жалпы бізде бұл институт бар ма, жоқ па?

- Бүгінде бізде орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институты бар. Әрине, ғалымдардың жаңа буыны келді. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, институттың өзі де, жалпы ғылыми қауымдастық та бүгінде орман пирологиясымен айналыспайды. Ал бұл болашақта жұмыс істеу керек жеке тақырып.

- Бірақ әлемдік тәжірибені зерттейсіздер ғой?

- Әрине. Онсыз болмайды ғой. Бүгінгі таңда біз іс жүзінде барлық тәсілдерді білеміз, өйткені орман өртіне қатысты проблема барлық жерде бірдей. Орман өртін ауа температурасы, ылғалдық, жел секілді бірқатар жағдайлар ушықтыруы мүмкін.

Барлық жерде тәсілдер бар - біз көреміз, зерттейміз. Түсіну керек жалғыз нәрсе: бізде бар жүйе - ол талай жылдар бойы сынақтан өткен. Кеңес үкіметі кезінде әзірленген өрттердің алдын алу жүйесі - минералданған жолақтар, өртке қарсы аралықтар, жолдар жасау - әлі күнге дейін жұмыс істейді. Тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде қолданылады.

Соңғы жаңалықтар