Жалған хаттама жарға шықты, осы үшін ішкі істер қызметкері сотталды - Қызылорда облысы

Оқиға былай болған. Биылғы 7 мамыр облыстық ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына қала тұрғыны К.Қабақова келіп, өткен жылдың 7 қазанында өзіне спирттік ішімдік ішіп, қоғамдық орында имандылыққа нұқсан келтірді деген негізбен көрінеу жалған әкімшілік хаттама толтырған қалалық ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мектеп инспекторы Қ.Арысбеков жөнінде шағым әкелген. Осы жылдың 8 мамырында қала тұрғыны Е.Досымбетов те облыстық ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданып, онда сыртынан жалған әкімшілік хаттама толтырып, заңсыз әкімшілік жаза қолданған аталмыш инспекторға заң жүзінде шара көруді сұраған. Тексеру барысында екі жағдайда да әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің кейбір ресми құжаттары жалған толтырылғаны рас болып шықты. Бірақ осы екі істі тексерген өзіндік қауіпсіздік басқармасы Қ.Арысбекованың іс-әрекетінде қылмыс белгілері жоқ деген негізбен қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданған.
Қабылданған шешімнің заңдылығы облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар тобымен жан-жақты тексеріліп, нәтижесінде К.Қабақова мен Е.Досымбетовтің әкімшілік іс құжаттарына мүлде қол қоймағандығы, өздеріне қатысты әкімшілік іс қозғалып, әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлға ретінде арнайы есепте тұрғанын білмейтіндігі анықталды.
Сөйтіп, Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Қ.Арысбекованың қызметтік өкілеттігін қызмет мүдделеріне керағар пайдаланып, қызметтік жалғандық жасағаны, мемлекеттік органның қалыпты қызметінің ырғақтығын және К.Қабақова мен Е.Досымбетовтың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соқтырған әрекеттер жасағаны белгілі болды.
Осыған орай облыстық прокуратура тарапынан 8 тамызда аталған өзіндік қауіпсіздік басқармасының қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулысының күші жойылып, қалалық ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Қ.Арысбековаға қарсы ҚР ҚК-нің 307-бабының 2-бөлігімен, 314-бабының 2-бөлігімен, яғни қызмет өкілеттігін теріс пайдаланып, қызметтік жалғандық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыс оқиғасы құқық қорғау органының лауазымды қызметкерімен жасалған қылмыстар санатына жататындығы және бұл қылмыс өзіндік қауіпсіздік басқармасымен есептен жасырылғаны, қылмыстық істің прокурормен қозғалғаны ескеріліп, қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының келісімімен 16 тамызда арнайы прокурор Б.Нұрмағанбетовтың тергеу өндірісіне қабылданды.
Арнайы прокурордың жүргізген әділ тергеуінің нәтижесінде К.Арысбекованың қылмыстық іс-әрекетін әшкерелеуге қажетті барлық дәлелдемелер толығымен жинақталып, оған қарсы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-бөлігімен, 314-бабының 2-бөлігімен айып тағылып, қылмыстық іс айыптау қорытындысымен аяқталып, негізінен қарау үшін Қызылорда қалалық сотына жолданды.
Қалалық соттың осы жылдың 3 қарашадағы үкімімен сотталушы К.Арысбекова кінәлі деп танылып, түпкілікті жаза ретінде 5 жылға мемлекеттік және құқық қорғау органдарында лауазымды қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасына сотталды.