Жалған компания арқылы ақша жымқырып, жиһаз цехын ашқан — прокурор Боқаевтың алаяқтық тәсілін айтып берді

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы сот отырысында прокурор «ҚазТрансГаз» басшысының экс-кеңесшісі, «Нұр Отанның» бұрынғы идеологы Санжар Боқаевқа тағылған айыптарды жария етті. 

«Украл деньги и открыл мебельный цех» — прокурор раскрыл мошенническую схему Бокаева
Фото: Kazinform

Оған алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және жалған ақпарат тарату сияқты бірқатар қылмыстық әрекет бойынша айып тағылып отыр. Қылмыстық істің бір эпизодында қаражатты жымқыру және заңдастыру тәсілін қалай жүзеге асырылғаны баяндалады. Прокурордың айтуынша, бұл айла-шарғыны Боқаевтың өзі ойластырып, ұйымдастырған.

«ҚазТрансГаз» басшысының кеңесшісі болып жүргенде Боқаев компанияның кәсіподағы арқылы қаражат шығарудың оңтайлы жолын тапқан. Өйткені кәсіподаққа мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптары қолданылмаған. Демек, кәсіподақ мерекелік және өзге де іс-шараларға конкурстар мен тендерлер өткізбей-ақ қаражат жұмсай алған.

Осы мүмкіндікті пайдаланған Боқаев кәсіподаққа іс жүзінде өзіне тиесілі «BM Trust» ЖШС-імен жұмыс істеуді ұсынған. Күдік туғызбау үшін компанияны алдын ала өзінің туысы Мадияр Қалменовтің атына рәсімдеген. Қалменов те бұл қылмысқа қатысқан деп айыпталып отыр.

Алғашында Боқаев өзін сенімді серіктес ретінде көрсетуге тырысты. Ол Жаңа жыл мерекесі мен спорттық жарыстарды қоса алғанда, бірнеше корпоративтік іс-шара ұйымдастырған. Осы уақытта кәсіподақ басшылығы шығындарды мүлде тексермейтінін байқаған. Олар Боқаев ұсынған барлық шығын сметасына еш тексерусіз қол қоя берген. Бұл жағдай оның әрі қарай еш кедергісіз әрекет етуіне жол ашқан.

Қаражатты жымқыру 2018 жылдың күзінде, Батыс Қытайдан Батыс Еуропаға дейін газбен жүретін автокөліктердің ірі халықаралық автошеруін өткізу жоспарланған кезде жүзеге асырылған. Боқаев іс-шараның құнын әдейі 86,8 миллион теңгеге дейін көтеріп, екі келісімшарт жасау арқылы қаражат шығару тәсілін қолданған.

— Автошеруді нақты ұйымдастыру және қажетті жұмыстарды атқару үшін «We Can» ЖШС жалданып, оған 38,9 миллион теңге төленген. Алайда дәл сол уақытта кәсіподақ Боқаевтың бақылауындағы «BM Trust» компаниясымен 47,9 миллион теңгеге екінші келісімшарт жасасқан. Бұл компания іс жүзінде ешқандай жұмыс атқармай, қаражатты негізсіз алған. Дайындық жұмыстары жүріп жатқанда Боқаев қызметтік жағдайын пайдаланып, іс-шараның нақты орындаушысы «We Can» ЖШС-ін қаражаттың бір бөлігін өзі көрсеткен адамдардың есепшоттарына аударуға мәжбүрлеген. Ақша белгілі бір қызметтер үшін төлем ретінде рәсімделген. Қаражаттың бір бөлігі Боқаевтың анасының атына тіркелген «Kun-Arai» компаниясының есепшотына, ал тағы бір бөлігі тікелей Қалменовке аударылған, — делінген хабарламада.

Содан кейін «BM Trust» арқылы жымқырған қаражатты заңдастыру қажет болған. Осы мақсатта Боқаев ақшаны өзінің жеке бизнесін, яғни жиһаз өндірісін дамытуға жұмсаған. Айыптау тарапының мәліметіне сәйкес, жымқырылған қаражат есебінен Астанадағы өндірістік цехтар мен кеңселердің жалдау ақысы төленіп, станоктар мен компьютерлер сатып алынған. Сондай-ақ бухгалтерлердің қызметіне, күзет пен жарнамаға қаржы жұмсалған. Барлығы осындай 19 банк операциясы жүзеге асырылды. Қалменов шамамен 10 миллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған. Айыпталушылар бұл қаражатты жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде әуе билеттері мен қонақүйлердің ақысын төлеуге пайдаланған.

Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеуінше, нәтижесінде сотталушылар жалған құжаттар мен қызметтік жағдайын пайдалану арқылы кәсіподақтың 42 миллион теңгеден астам қаражатын жымқырған.

Еске сала кетейік, Санжар Боқаев биыл наурызда ұсталып, бірқатар қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Оған қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 190, 188, 218, 340 және 274-баптары бойынша қаралып жатыр.

Бұдан бұрын Санжар Боқаевтың соты кезінде судья қатысушылар мен БАҚ өкілдеріне ескерту жасады.