Жалпықалалық сенбілік: қостанайлықтар жаппай қар күрейді
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев 22-26 ақпан аралығында қалада жалпы сенбілік өткізуді ұсынды. Экологиялық шара қала ішіндегі қар көлемін азайтуға бағытталған.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, қазіргі уақытта қалада қардағы су қоры 81 мм, бұл нормадан (36 мм) 2,2 есе, қаңтардағы жауын-шашын мөлшері 45 мм құрап нормадан 2,5 есе асты. Мердігер ұйымдардың қар күреу жұмыстарына қарамастан (265 бірлік техника жұмылдырылған) сақтық шарасы ретінде сенбілік өткізу туралы шешім қабылданды.
«Жеке тұрғын үй иелері үй-жайларының аумағын қардан тазартуы қажет, кейін көшеге шығарылған қарды мердігер ұйымдар алып кетеді. Бұл ақпарат мессенджерлер арқылы және барлық мүмкіндіктер арқылы барлық ауданға хабарлануы тиіс. Сондай-ақ МИБ және ПИК төрағалары аула аумақтарын қардан тазарту жұмыстарын ұйымдастырады. Кәсіпкерлік нысандары мен барлық меншік субъектілері назардан тыс қалмайды: олар ғимараттарға іргелес аумақтардағы қарды шығарып, кейін алдын ала белгіленген қоқыс алаңдарына тасуы керек», - деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Сондай-ақ, білім беру бөліміне тапсырма берілді, олар мердігерлерге шығару ыңғайлы болу үшін мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінің аумақтарын қардан тазалауды қамтамасыз етуі керек. Жағдайды құтқарушылар мен полиция қызметкерлері бақылайды.