Жалпы қылмыстардың 3% ғана СҚО-да жасалады – Ішкі істер министрі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Елде жасалған қылмыстардың тек 3 пайызы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Бұл туралы өңір тұрғындарымен кездескен ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Марат Ахметжановтың СҚО тұрғындарымен есептік кездесуі Петропавлдағы Жастар сарайында өтті.

Ведомство басшысы ішкі істер органдарының жұмысы туралы хабардар етіп, реформаларға тоқталды.

«Мемлекет басшысы ауқымды реформаларды бастады. Ондағы басты міндет жаңа – Әділетті Қазақстанды құру. Дәл қазір халықтың сұранысы мен биліктің ниеті барынша сәйкес келіп тұрған кезең. Сондықтан мемлекеттік басқару моделі мен қоғамдық даму бағыты өзгеріп жатыр. Жаңа саяси мәдениет қалыптасуда. Мемлекет пен қоғам арасында ашық және тығыз қарым-қатынас моделі құрылып жатыр. Осыған байланысты министрлер халықпен жиі кездесетін болады. Мақсат – әр өңірге барып проблемалық мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыру. Осылайша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру», - деді Марат Ахметжанов.

Министрдің айтуынша, 30 жылда елімізде криминогендік жағдай жақсарған. Кісі өлтіру республика бойынша 2 625-тен 764-ке дейін – 3,5 есе төмендеген. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру 2 есеге, қарақшылық 6,5 есеге, зорлау 3 есеге, тонау 4 есеге, бұзақылық 3,5 есеге азайған.

СҚО-да криминогендік жағдай тұрақты. Елде тіркелетін қылмыстардың тек 3% ғана өңір үлесінде.

«Жыл басынан облыста 3 124 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6% аз. СҚО-да әр 10 мың адамға орташа 35 қылмыстан келеді. Бұл республикалық көрсеткіштен екі есе төмен. Бұл күнделікті ауқымды жұмыстың нәтижесі», - деді Марат Ахметжанов.


Соңғы жаңалықтар