Жалпы мүдде тұрғысынан бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруды шапшаңдату ықпалдастықтың анағұрлым тығыз деңгейін көздейді - В.Путин
Атап айтқанда, беларус тарапының қатысуынсыз өткен Кеден одағы жоғарғы органының бүгінгі отырысында тараптар автомобиль импортының қазіргі уақытша шарттарын сақтау туралы шешім қабылдады, бірыңғай кеден аумағына жеке пайдалану үшін тауарларды әкелу тәртібін келісті, деп хабарлады РБК.
«Біз бірыңғай кеден аумағына жеке пайдалану үшін тауарлар әкелу тәртібін келістік, алайда әріптес-елдер азаматтарының автомобиль әкелуіне қатысты алым алуға әзірміз», - деді РФ премьер-министрі Владимир Путин. Оның пікірінше, осындай өтпелі кезеңде «уақыт жағынан жіті шектелуі» тиіс. Сонымен қатар В.Путин Ресей Кеден одағының басқа елдері үшін бұл мәселенің әлеуметтік үлкен маңызын ескеріп, қазіргі қолданыстағы режімді уақытша сақтауға келіскенін атап көрсетті.
Сондай-ақ бірыңғай кеден аумағында ерекше экономикалық аймақтар режіміне қатысты келісімге қол жеткізілді. «Тауарларды кедендік әкімшілендіру тәртібі бойынша түсіністік бар, олар бойынша әлі де қорғау және демпингке қарсы шаралар біріздендірілген жоқ», - деді В.Путин және «бұл тар шеңбердегі номенклатура» деп нақтылады.
Ресей премьерінің айтуынша, Кеден одағы елдерінде келісілмеген бір мәселе ғана қалды - мұнай мен мұнай өнімдеріне экспорттық баж салығы бойынша. «Мен біздің ұстанымымызды тағы да қуаттаймын: бірыңғай экономикалық кеңістік бойынша келісім ратификацияланған сәттен бастап мұндай баж салығы қолданылмайтын болады», - деді В.Путин. «Нақ сондықтан да жалпы мүдде тұрғысынан ықпалдастықтың анағұрлым тығыз деңгейін көздейтін бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруды шапшаңдату қажет», - деді РФ премьер-министрі.