Жалпылама декларация дегеніміз не?
Соның негізгілерінің бірі - Салық және Азаматтық кодекстері мен Мүлікті жариялау мен Жалпылама декларациялауға байланысты заң актілері. Себебі 2017 жылдан бастап күшіне енетін жалпылама декларациялау кезеңіне аяқ басқан кезде туындайтын сұрақтар аз емес, деп жазады «Айқын». Сондықтан да көпшілікке түсінікті болу үшін «Жалпылама декларациялау дегеніміз не және оның жауапкершілігі қандай?» деген сұрақтар төңірегінде Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының бөлім басшысы Бекен Нұрахметовті сөзге тартқан едік.
- Табыс пен мүлікті жалпылама декларациялау мемлекет қана емес, жеке тұлғалар үшін де өте тиімді шара екені әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Бұл дегеніңіз, салықтық бақылауда халықтың нақты табысын тура анықтайтын және көлеңкелі экономикаға қарсы күресте жақсы нәтиже беретін қосалқы механизм десе де болады. Мысалы, жалпылама декларациялау тәжірибесі АҚШ, Канада, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Австралия, Чехия, Италия, Сингапур, Швейцария, Ұлыбритания сияқты алдыңғы қатарлы дамыған елдерде экономиканы алға жылжытудың және салық тәртібін бұзу әрекеттеріне жол бермейтін жетекші құрал ретінде қолданылып келеді. Сондықтан елімізде де бұл процедура өз жұмысын 2017 жылдың бірінші қаңтарынан бастайды.
Бұған қоса, 2015 жылдың 18 қарашасында Елбасы «Жеке тұлғалардың табысы мен мүлкін декларациялауға байланысты Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталмыш заң Елбасының «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» атты бес институттық реформасын және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындау мақсатында жасалды. Жалпылама декларациялауға байланысты заңның дүниеге келуіне байланысты Азаматтық және Салық кодекстеріне көптеген өзгерістер енгізілді. Заңда табыс пен мүлікті декларациялау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу мәселесі қарастырылған және қандай жағдайда салықтың төленетіні, төленбейтіні айқындалған. Мысалы, 2017 жылдың бірінші кезеңінде декларацияны мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың және ұлттық компаниялардың әкімшілік персоналдары тапсырады. Бұл дегеніңіз - 1,7 миллион адам. Ал 2020 жылы бұл талап барша жеке тұлғаларды қамтиды. Яғни декларация тапсыру баршаға міндетті және оны тапсыратын субъектілер саны да орта есеппен 8 миллионға жуықтайды. Осы орайда декларация тапсыруға байланысты біраз өзгерістер енгізілгенін де айта кеткен орынды болар. Мысалы, жеке нотариустар, сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіпқой медиаторлар тапқан табысы ғана емес, сатып алған мүліктеріне дейін көрсетеді.
Декларацияны еліміздің кәмелеттік жасқа толған азаматтары ғана емес, оралмандар мен Қазақстан Республикасының аумағында тұруға ықтиярхаты барлар да, кәмелеттік жасқа толмаған балалар (егерде олардың атында жылжымайтын мүлік тіркелген болса, тиісті өкілдері), шетелдік азаматтар да (Қазақстан Республикасының аумағында өзіне тиесілі мүлік тіркелген жағдайда) тапсырады. Сонымен қатар осы заңның 187-бабының талаптары бойынша декларацияны тапсыруға тиісті уақыт екіге бөлінеді. Біріншісі - қағаз жүзінде тапсырған жағдайда 15 шілдеден кешіктірмей, екіншісі - электронды түрде тапсырған жағдайда 15 қыркүйектен кешіктірмей. Сонымен қатар Салық кодексінің 67-бабына (жеке табыс салығы мен әлеуметтік салыққа байланысты салықтық есеп берудің ерекшеліктерін белгілеу) тиісті өзгерістер енгізілді. Аталған бабқа енгізілген өзгерістер 2020 жылдың бірінші қаңтарына дейін ғана өз күшінде болады.
Осы орайда, «жалпылама декларациялаудың халық және қоғам үшін қандай тиімділігі бар?» деген заңды сұрақ туады. Бұл сұраққа жауап беретін болсақ, жалпылама декларациялау дегеніңіз, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қоятын қосалқы механизмнің бірі екенін жоғарыда айтып өттік. Себебі қазіргі уақытта көптеген кәсіп иелері қарамағындағы қызметкерлеріне жалақыны қолма-қол әдіспен төлейді. Штаттағы жұмыс істейтін адамдар санын нақты көрсетпейді. Бухгалтериялық есеп-қисапты екі бағытта жүргізеді. Сөйтіп, салықтан жалтару арқылы нақтылы табысын әдейі жасырады. Содан барып жалақы алатын адамға әлеуметтік төлемдер төленбейді, зейнетақы қорына бір тиын түспейді, еңбек өтілі жүрмейді. Яғни сондай салада еңбек ететін адамдар әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Мысалы, бір ғана қоғамдық тамақтандыру, құрылыс саласында қаншама адамдар осылай еңбек етуде. Бұл субьектілердің мүддесіне келтіретін зиян және заңды құқықтарын бұзу екені сөзсіз. Сондықтан жалпылама декларациялау кезінде жұмыс беруші заңсыз әрекетке бара алмайтын, ал жұмыс істеуші заңсыз әрекеттерден қорғалатын болады. Яғни әрбір тапқан тиын ғана емес, жұмсалған ақшаға дейін есеп берер кезде көптеген көлеңкелі экономикада жүргендердің жолы кесіледі. Сонымен қатар жалпылама декларациялау кезінде көрсетілген медициналық қызметке, сақтандыру сыйақысына, оқуға төленген ақшаға, жинақ құрылыс банкіне салған қаражатқа, ипотекалық кредитке, көпбалалы аналарға байланысты салықтық шегерістер қарастырылғанын айта кету керек. Салықтық шегерістің құны жылына 48 айлық есептік көрсеткіштен аспау керек.
Қазіргі уақытта мүлікті жариялауға байланысты көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Бұл дегеніңіз, жалпылама декларациялау кезеңінің алдындағы жасалып жатқан рақымшылық шарасы екенін Елбасымыз бірнеше мәрте айтып өтті. Осы орайда мүлікті жариялау мен жалпылама декларациялау процедурасының өзара байланысына тоқтала кеткеніміз орынды болар. Мысалы, 2015 жылдың 13 қарашасында мүлікті жариялау жөніндегі заңға тиісті өзгерістер мен көптеген жеңілдіктер енгізілгелі бері бұл шара бүкіл еліміз бойынша жақсы қарқынмен жүзеге асырыла бастады.
Мүлікті жариялау дегеніміз - жалпылама декларациялау алдындағы соңғы және өте тиімді акт. Өзінің заңсыз жолмен тапқан ақшасын заңды түрде заңдастыруға мүмкіндік беріп отырған мұндай заң актісін ХХІ ғасырдың басындағы ең бір гуманистік бағыттағы нормативтік-құқықтық акт деп айтар едім. Мысалы, қазіргі уақытта өзіне тиесілі жылжымайтын мүліктерін, коммерциялық обьектілерін зейнеткерлердің, жұмыс істемейтін адамдардың атына аударып қойған субъектілер аз емес. Ондай адамдар осы уақытқа дейін декларация тапсырған емес және декларация тапсырудың не екенін де дұрыс түсінбейді. Сонымен қатар төлеген салықтары мен алған еңбекақыларын, әлеуметтік төлемдерін және зейнетақы қорына аударылған ақшаны дәлелдейтін ешбір құжаттары да жоқ. Ертең, яғни жалпылама декларация тапсыру кезеңі басталған кезде ондай адамдар өзінің атына жазылған қыруар қаржы тұратын жылжымайтын мүліктерді несімен дәлелдейді? Міне, мәселе сонда. Сондықтан да кезінде заңсыз жолмен тапқан қаражатты, басқа біреудің атына жаздырған немесе шетелдегі жылжымайтын мүліктерді заңдастыратын уақытты бос жібермей, тиімді пайдалана білген орынды. Себебі мұндай рақымшылық негіздегі заң актісі алдағы жылдардың еншісінде тағы қабылдана ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.
Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша мүлікті жариялауға байланысты жүргізіліп жатқан акцияның қарқыны күн санап артып келеді. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, биылғы бес айының қорытындысы бойынша мүлікті жариялауға байланысты 605 өтініш қанағаттандырылды. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша 12 ғана өтініш түсіп, 807 миллионнан астам теңгенің ғана мүлкі заңдастырылған болатын. Осы бес айдың ішінде ғана жарияланған мүліктің құны 481 миллиард 503 миллион 671 мың теңге. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 566 есеге артық. Мұның ішінде 475 миллиард 273 миллион 271 мың теңгесі - ақша, 3 миллиард 447 миллион теңгесі - заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, 577 миллионы -құнды қағаздар. Осы орайда шетелдегі заңдастырылған жылжымайтын мүліктердің құны 1 миллиард 420 миллион 428 мың теңгені құрағанын да айта кеткен артық болмас.
Заң жүзінде жария етілген кез келген жылжымайтын мүлік пен ақша қылмыстық істің, әкімшілік құқық бұзу ісінің және тәртіптік жазалаудың нысаны болып саналмайды. Мұндай талап пен кепілдік Мүлікті жария ету туралы заңның 5-бабында нақты айтылған. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабының талаптары негізінде сот шешімімен тәркілеуге де жатпайды. Ол салықтық және банктік құпия болып табылады. Бұған қоса мүлікті жария етуге байланысты ақпаратты таратқан адамның өзі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 223-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Рақымшылық қағидаттары кеңінен көрініс тапқан заңды дұрыс түсінбей жүрген субьектілерге Елбасымыздың төмендегідей ескерту сөзін тағы бір еске сала кеткен дұрыс деп ойлаймын: «Мүлікті жариялау - соңғы мүмкіндік. Одан кейін ешқандай жеңілдік болмайды. Бұл шара - жалпылама декларациялау алдындағы соңғы акт. Аталмыш акция аяқталғаннан кейін бүкіл әлем бойынша банкідегі есепшоттарға, жылжымайтын мүліктерге байланысты барлық ақпараттар тексерілетін болады.»
Елбасымыздың мұндай қатаң ескертуі тегін емес. Себебі біздің еліміз 2011 жылдың мамыр айынан бастап «Қылмыстық жолмен ізі жасырылған ақшаны әшкерелеу, алу және тәркілеу туралы» Страсбург конвенциясының мүшесі болып табылады. Аталмыш конвенцияға 90-нан астам мемлекет мүше болып табылады. Оның ішінде 29 мемлекет оффшорлық аймақтарда орналасқан. Сондықтан да шетелде жасырған мүлікті табу еш қиындық тудырмайды. Бұған қоса Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 275-бабына да тиісті толықтырулар енгізілді. Бұл бапта айыппұл көлемінің мөлшері ғана 250-500 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Ал енді мүлкін жария етпеген субьектілерге қылмыстық іс қозғалған жағдайда мәселе өте қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті.
Қорыта айтқанда, жалпылама декларациялауға байланысты заңды қазірден бастап зерделеп оқыған дұрыс. Себебі ондағы көптеген өзгерістерді газеттің бір бетіне сыйдыру мүмкін емес. Кез келген заң актісіне енгізілетін өзгерістер заман талабы болып табылады. Сондықтан да уақыт көшінен кеш қалмай жүрген абзал.