Жамбыл облысында 100-ге жуық мектеп ағымдағы жөндеуден өтті

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында 96 білім нысанының ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал 9 мектеп пен 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.

Средняя школа № 36 Астана №36 орта мектеп
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Жалпы облыста 2024-2025 жылдары аралығында 41 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Биыл соның 18-інің құрылысы аяқталады. Оның 6-ы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолданысқа беріледі. 

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Сондай-ақ кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов: 

«Жаңа оқу жылында облыстағы 507 орта білім беру ұйымы 248 мыңнан аса оқушыны қабылдайды. 1-сыныпқа болжам бойынша 20800 бала қабылданады.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақ, киім-кешек және жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге 5,6 млрд. теңге бөлінді. Оқу жылына киім-кешек алу үшін әр балаға 47 389 теңгеден берілді», – деді.

Ал «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы облыста әлі де жалғасып жатыр. Бүгінге дейін демеушілердің есебінен 1 481 балаға 38 млн. 747 мың теңгенің көмегі көрсетілген.

Бұған дейін Жамбыл облысында 60 мектепте спортзал, 31 мектепте асхана, 39 мектепте кітапхана жоғын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар