Жамбыл облысында 100 келіден астам марихуана тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидасы аясындағы жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы аумағында жүргізілген ұзақ мерзімді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында каннабис тобына жататын есірткі заттарын аса ірі көлемде өткізумен айналысқан төрт тұрғыннан құралған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.
Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында жүргізілген тінту нәтижесінде 100 келіден астам кептірілген марихуана, 2 келіден астам гашиш және каннабис шайыры тәркіленді.
- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл баптың санкциясы 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Қазіргі уақытта ұсталған тұлғаларға қатысты есірткі заттарын өткізу бойынша қосымша 7 факт анықталып жатыр. Сондай-ақ есірткі жеткізу арналарының өзге өңірлерге бағытталған жолдары белгіленуде, - делінген ақпаратта.
Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Шымкентте ірі есірткі схемасына қатысы бар 17 адам сотталып, біреуі ақталды.