Жамбыл облысында 12 мыңнан астам оқушы мектеп бітіру емтиханын тапсырады
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірде қорытынды аттестаттау 28 мамыр мен 16 маусым аралығында өтеді.

Биыл бастауыш сынып оқушылары (1-4 сыныптар) 24 мамырдан бастап демалысқа шығады. 5–8 және 10-сынып оқушылары 26-28 мамыр аралығында бір пән — қазақ тілінен (ауызша және жазбаша формат) аралық емтихан тапсырады. Ал 9-сынып (8 312 оқушы) және 11-сынып (3 902 оқушы) түлектері қорытынды аттестациядан өтуі керек. Барлығы 12 214 оқушы емтихан тапсырады.
9-сынып түлектері 4 емтихан тапсырады: қазақ тілі, математика, орыс тілі және таңдау бойынша бір пән.
11-сынып түлектері 5 емтихан тапсырады: алгебра, қазақ тілі, Қазақстан тарихы, орыс тілі және таңдау бойынша бір пән.
Емтихан қорытындылары «Алтын белгі» төсбелгісі иегерлерінің санына тікелей әсер етеді. Биыл «Алтын белгіге» 146 оқушы, ал үздік аттестатқа тағы 209 оқушы үміткер болып отыр.
Биыл мектеп түлектеріне ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орындарына түсуге бес мүмкіндік берілген. Нәтижесі бойынша мемлекеттік білім грантын алуға болатын ең маңызды сынақ 16 мамырда басталады. Емтихан тапсыруға 3902 түлектің 3240-ы (82,1%) өтініш білдірген. Олардың барлығы тестті екі рет тапсыруға мүмкіндік алады.
Биылғы жылы тестілеу «Қарасу» шағын ауданы, № 5А мекенжайы бойынша орналасқан Тараз қаласындағы Ұлттық тестілеу орталығының филиалында өтеді. Күн сайын 490 түлек екі ауысымда (245 орынға есептелген аудиторияларда) тестілеуден өтеді.
Биыл елімізде соңғы қоңырауды өткізу күні өзгерді. Осыған байланысты ҰБТ өтетін күндер де өзгертілді.