Жамбыл облысында 2,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтитын ұңғымалар іске қосылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында егіс алқаптарын суаруға арналған 46 су алу ұңғымасын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жобаларының жүзеге асу барысымен танысты.
Меркі ауданында министр облыстың суару каналдары, дренаж жүйелері мен гидротехникалық құрылыстарын реконструкциялауға бағытталған Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен жоба аясында жүргізіліп жатқан 46 су алу ұңғымасын қалпына келтіру жұмыстарының барысын көрді. Қазіргі уақытта Ойтал ауылдық округіндегі барлық 13 ұңғыма толық қалпына келтіріліп, іске қосылған.
Ал Андас батыр ауылдық округінде 27 ұңғыма пайдалануға берілді. Осы айдың соңына дейін қалған 6 ұңғымаға сынақ жүргізу жоспарланып отыр. Бұл су алу ұңғымалары шамамен 2,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін каналдарды қосымша сумен толықтыруға арналған.
Бұдан кейін Нұржан Нұржігітов Шу ауданына барып, биыл басталған Сол жағалау және Оң жағалау магистральдық каналдарын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл нысандардың жалпы ұзындығы 88 шақырымнан асады. Қазіргі таңда каналдарда жер қазу және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Шу ауданындағы 18,1 мың гектар суармалы жерге су жеткізу сапасы жақсарады. Жұмыстар Ислам даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңі аясында жүргізілуде. Сол жағалау және Оң жағалау магистральдық каналдарын реконструкциялау жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Шу ауданында министр сондай-ақ К-1 каналында болып, онда жүргізіліп жатқан дайындық және жер қазу жұмыстарымен танысты. Бұл нысанды реконструкциялау да Ислам даму банкімен бірлескен жоба аясында жүзеге асырылып жатыр.
Қордай ауданында Нұржан Нұржігітов ұзындығы 18 шақырым болатын «Благовещенский» каналын реконструкциялау жұмыстарын көрді. Нысандағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Сондай-ақ министр Шу өзені мен Георгиев магистральдық каналын байланыстыратын толықтырушы каналдағы контейнерлік сорғы станциясының жұмысымен танысты. Былтыр пайдалануға берілген бұл нысан Қайнар ауылындағы 3800 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Станцияның өткізу қуаты — секундына 1 текше метр су.
— Жамбыл облысындағы суармалы алқаптарды тұрақты сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ендігі міндет — барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету. Министрлік бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кетелік Жамбылда 71 канал жаңартылады.