Жамбыл облысында 38 ұйым арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында бүгінгі таңда 38 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйым лицензияға ие. Оның ішінде 22-сі – мемлекеттік, 16-сы – үкіметтік емес ұйым. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің өңірдегі департаментінің басшысы Аслан Оразбеков мәлімдеді.

Қазақстанда «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» республикалық байқауы басталды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Спикердің айтуынша, өңірде жалпы 4 317 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алады.

Лицензияланған ұйымдардың 7-еуі толық стационар, 15-і жартылай стационар, 4-еуі уақытша болу орталығы, ал 14-і үй жағдайында қызмет көрсетеді.

Белсенді үкіметтік емес ұйымдар қатарында «Мүгедектігі бар жастар қоғамы», «Сезім мүгедектер қоғамы», «Жамбыл облысы мүгедектерді әлеуметтік қорғау» ұйымдары, сондай-ақ «Элай-Құлан», «Амина», Жуалы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығы қоғамдық бірлестіктері бар.

«Облысымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді жоспарлап отырған жаңа ұйымдар үшін ең басты талаптар – штаттың болуы, талапқа сай ғимарат, қызмет көрсетуге қажетті құрал-жабдықтар және тиісті медициналық лицензиялардың болуы», – деді Аслан Оразбеков.

Айта кетейік, Жамбыл облысының 3 ауданында құқықтық тәртіпті күшейту тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар