16:41, 27 Шілде 2025 | GMT +5
Жамбыл облысында 40 мыңнан астам азамат баспана кезегінде тұр
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында коммуналдық тұрғын үй кезегінде 40 174 азамат тіркелген, олардың 30 045-і – әлеуметтік осал топ өкілдері. Бұл туралы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Дайрабаев мәлім етті.

Дерекке қарағанда, былтыр өңірде 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 104,5%-ға артық. биыл бұл көрсеткішті 765 мың шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр.
- Осы жылы әлеуметтік тұрғын үй құрылысына 36 млрд теңге бөлініп, 3 445 азамат баспаналы болады.
Сонымен қатар 14,5 млрд теңгеге 2 190 пәтерлік 46 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін соның 2 030 пәтерге арналған 44-і аяқталады. Қазірдің өзінде 420 пәтерлік 8 әлеуметтік үй пайдалануға берілді, - деді спикер БАҚ өкілдеріне.
Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылы әлеуметтік осал топтарға арналған 1 415 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 млрд теңге бөлінді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл тұтынушылардан 742 өтініш түсті.