Жамбыл облысында 5 миллиард теңгенің акциздік өнімдері тәркіленді
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында кейінгі жеті айда құны 5 миллиард теңге болатын темекі өнімдері тәркіленді. 21 қылмыстық іс тіркеліп, 6 млн қораптан астам темекі, 1 880 литр спирт және 600 бөтелке контрафактілік арақ заңсыз айналымынан шығарылды.

Бұл туралы Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақов журналистермен өткен брифингіде хабарлады.
«Өткен жылдың 12 айымен салыстырар болсақ, былтыр 23 қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан құны 5 млрд теңгеден астам өнім тәркіленген болатын. Оның ішінде вейптер – 349 млн теңге, темекі – 4,7 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ 6,5 млн қорап темекі және 174 мың вейп заңсыз айналымнан шығарылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар нәтижелі жүргізіліп жатыр деп айта аламыз. Себебі биылғы 7 айдың жұмыс нәтижесі 2023 жылдың қорытындысымен шамалас», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында алтын ұрлаумен және заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топ ұсталғанын жазған едік.