Жамбыл облысында 76 каналды реконструкциялау және 3 су қоймасының құрылысы басталады
АСТАНА. KAZINFORM - Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл Жамбыл облысында жалпы ұзындығы 428 шақырым болатын 76 суару каналын реконструкциялау жұмысын бастауды жоспарлап отыр.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұдан бөлек, Қалғұты, Ақмола және Ырғайты су қоймаларының құрылысы басталады. Сондай-ақ, Теріс-Ащыбұлақ және Қарақоныз су қоймаларын реконструкциялау қарастырылған.
Қордай, Жамбыл, Байзақ, Меркі және Жуалы аудандарында 53,9 гектар жерге су беру сапасын жақсарту үшін 34 жоба іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 12 жоба аяқталды. Былтыр жалпы ұзындығы 137,5 шақырым болатын 37 каналда құрылыс жұмыстары аяқталды. 46 тік дренажды ұңғыма бұрғыланып, 12 – сі қалпына келтірілді.
- Министрлік алдағы екі жылда Жамбыл облысында 19 жобаны аяқтауды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 330 шақырым болатын 105 каналға реконструкция жасалады. Бұл тасымалдау кезінде су шығынын азайтады және өңірдегі егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартады, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Ерболат Ибрайханов.
Осыған дейін елімізде су шаруашылығы саласын басқару түбегейлі жаңғыртылып жатқаны туралы жаздық.