Жамбыл облысында әдепсіз бейнежазбаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында әлеуметтік желіде тараған порнографиялық сипаттағы бейнежазбаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталып, олар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілген. Қазір олардың қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
— Кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке қойылды. Олардың ата-аналары бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, — делінген ведомство хабарламасында.
Білім басқармасы мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсынулар енгізілген.
— Тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға беріледі, — деп хабарлады полиция департаменті.
Бұдан бөлек, полиция бейнежазбаны әлеуметтік желіде тарату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ведомство порнографиялық материалдар мен заңға қайшы өзге де контентті таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында кәмелетке толмағандарға қатысты 180-нен астам құқық бұзушылық анықталғанын жазған едік.