Жамбыл облысында арқар мен қарақұйрық саны көбейді

ТАРАЗ. KAZINFORM – 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында жекелеген жабайы жануарлар түрінің саны тұрақты өсім көрсеткен.

а
Фото: Видеодан алынған скрин

Жүргізілген есеп нәтижесіне сәйкес, өңір аумағында 699 арқар тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 33%-ға көп. Өткен жылы олардың саны 584 болған.

Сондай-ақ киіктер тұқымдасына жататын қарақұйрық саны 1014 басқа жетіп, бір жыл ішінде 10%-ға артқан.

Жалпы есеп бойынша облыста 300 мыңға жуық жабайы жануар мекендейді. Оның ішінде тұяқты жануарлар – 2264 бас, терісі бағалы аңдар – 16 435, құстар – 68 450, ал су құстары – 200 698.

Инспекция мәліметінше, жануарлар санының артуы табиғатты қорғау және биотехникалық іс-шаралардың нәтижесі. Атап айтқанда, қыс мезгілінде жануарларды тұрақты түрде қосымша азықтандыру жұмыстары жүргізілген. 2025 жылдың қараша-желтоқсан айларында бұл шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып, жануарлардың қырылу дерегі тіркелмеген.

Қазіргі таңда Жамбыл облысы аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген 20-дан астам жануар түрі мекендейді. Қарақұйрық пен арқар бойынша жыл сайын жеке санақ жүргізіледі.

Сонымен қатар популяцияның жағдайын бақылау жалғасуда. 2025 жылдың сәуір және қараша айларында Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, Байзақ, Меркі және Т. Рысқұлов аудандарында жабайы жануарлар арасында жұқпалы аурулардың бар-жоғына зерттеу жүргізілген. Талдау нәтижесінде қауіпті инфекциялар анықталмаған.

Бұған дейін Жамбыл облысында 3,8 млн мал қыстап жатқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум