Жамбыл облысында атыс болып, төрт адам жарақаттанды
ТАРАЗ. KAZINFORM — Оқ жарақатын алған төрт адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің алдын ала мәліметі бойынша, зардап шеккендер травматикалық қарудан жарақат алған. Оқиға кеше кешкі уақытта болған, шамамен сағат 21:30-да төрт жаралы адам Мойынқұм аудандық ауруханасына жеткізілген.
– Аталған факті бойынша Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 2-бөлігі бойынша (Екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу, адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе бұзақылық ниетпен жасалған) қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-іздестіру және тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында фельдшердің кеудесіне оқ атылғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ, заңсыз қару айналымымен күрес бағытында қандай жұмыс істеліп жатқаны туралы жазған едік.