Жамбыл облысында биылғы өнімнен 44 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр

АСТАНА. KAZINFORM- Жамбыл облысында қант қызылшасының егіс алқабы бір жарым есе ұлғайды. Биыл жиналған өнімді жергілікті зауыттарда өңдеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде шамамен 44 мың тонна қант өндіру көзделген.

Сахарная свекла
Фото: Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасы

Биыл өңірде қант қызылшасы 9,9 мың гектар жерге егілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3,3 мың гектарға артық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, диқандар 450 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.

Бұл көлем облыстағы қант зауыттарының мәлімделген жиынтық өңдеу қуатына тең. Дайын өнім ретінде шамамен 44 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр.

Басқарма басшысы Әбдірасіл Желеубаевтың айтуынша, он айдың қорытындысы шығарылған кезде шаруашылықтар 2,9 мың гектар алқаптан 159,5 мың тонна қант қызылшасын жинаған. Оның 104,9 мың тоннасы өңдеуші кәсіпорындарға тапсырылған.

Осыған дейін Көксу қант зауытының өңдеу қуаты тәулігіне 3 мың тоннаға дейін артатыны туралы жаздық.

Сондай-ақ қазақстандықтарға қант тұтынуды шектеу ұсынылды.