Жамбыл облысында бойжеткен TikTok арқылы танысқан жігітке 1,4 млн теңге қарызға берген
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жас жігіт жаңа танысынан бірнеше рет көмек сұраған, бірақ ірі көлемде ақша алғаннан кейін ізім-қайым жоғалып кеткен, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі Жамбыл аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Азаматтық істер әдетте көпшіліктің назарынан тыс қалады. Дегенмен, Жамбыл облысының тұрғыны – әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітке сеніп, қомақты қаражат берген қыздың оқиғасы шектен тыс сенімнің неге апаратынын көрсетті.
Танысу осы жылдың маусым айында «TikTok»-та басталған. Жас жігіт қызбен тез тіл табысып, түрлі қиындықтарын айтып, бірнеше рет ақша сұраған. Соңында Түркияға ота жасау үшін шұғыл түрде 1,4 миллион теңгеден астам қаражат қажет екенін айтқан. Қыз оған көмектесу үшін өзі қарызға батып, бұл соманы жинап берген. Жігіт ақшаны оралған соң қайтаратынын, операциядан кейін бірден хабарласатынын уәде еткен. Алайда уәде орындалмаған – жігіт хабарсыз кеткен.
Жігітті тауып, байланыс орнату үшін қыз сотқа жүгініп, 1,4 млн теңге қарызды және 1 млн теңге моральдық шығынды өндіру туралы талап арыз берген. Алайда іс толық сот талқылауына жетпей аяқталған – тараптар медиациялық келісімге келген. Келісім бойынша, жауапкер берешекті толық өтеуге міндеттелсе, талапкер қосымша талаптардан бас тартқан. Алайда бұрынғы қарым-қатынас пен сенім қалпына келмейтіні анық.
Сот бұл келісімді бекітіп, істі тоқтатты.
Бұған дейін біз Таразда дроппер 2 млн теңгеден астам қаражатты қайтаруға міндеттелгені және Жамбыл облысында стоматологияда атыс ұйымдастырған ер адам сотталғаны туралы хабарлаған едік.
Сондай-ақ Таразда тұрғын үйді жөндеуге бөлінген 59 млн теңгені жымқырғаны хабарланған еді.