Жамбыл облысында демалыс басталғалы 236 жасөспірім полиция бөлімдеріне жеткізілді

Жастар
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысының аумағында полиция қызметкерлері көктемгі демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалар мен өзге де оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізіп жатыр. 

Полицейлер балаларға тұрмыстағы, қоғамдық орындардағы және көпшілік демалатын орындардағы тәртіптерді, қауіпсіздік ережелерін, сондай-ақ өздері пайдаланатын жеке заттарының сақталуына жауапкершіліктері туралы түсіндіреді. Жасөспірімдерге мұнымен қоса, жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі, роликтер мен велосипедтер теуіп жүргенде құлаққап пайдаланудың қауіптілігі туралы да ескертті.  

Кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар жастардың жиналатын орындарын және ойын-сауық орындарын тексеріп, сондай-ақ ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдердің үйлеріне баруда. 

«Демалыс басталғаннан бері полиция бөлімдеріне 236 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді, 418 заңды өкілдер мен өзге де ересек адамдар жауапқа тартылды. Ата-аналары жұмыста болатындықтан, демалыс кезінде балалар көбінесе өздерімен өздері жүреді. Кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін заңды өкілдер балаларының бос уақытына бақылауды күшейтуі, олардың қайда жүргенін бақылауды жүзеге асыруы қажет.  Құрметті ата-аналар, балаларыңыз кәмелетке толғанға дейін ол үшін жауапты болатындарыңыз естеріңізде болсын!» – деді Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Әлішер Қалышев.

 

Соңғы жаңалықтар