Жамбыл облысында қатерлі ісікті жасанды интеллектінің көмегімен анықтайды
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Тараз қаласында жасанды интеллект арқылы қатерлі ісікті анықтаудың мамандандырылған жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев мәлім етті.

- Биыл 7,4 млрд теңгеге 26 денсаулық сақтау объектілердің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 23-і пайдалануға берілді. 2 қалалық медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті. Бюджет қаражатынан 5 млрд теңгеге 18 бірлік медициналық диагностикалық техника, 38 санитарлық машина сатып алынды, бұл ерте диагностиканың, жедел жәрдем жұмысының сапасын мен ауылда медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Ербол Қарашөкеев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында.

Облыс әкімі ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 42,7%-дан 40,3%-ға дейін төмендеп, ал медициналық жабдықпен қамту 96,7%-ға артқан.
- 2025 жылы жасанды интеллект арқылы қатерлі ісіктерді анықтаудың мамандандырылған жүйесін енгізу жобасын бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл облыстан шалғай орналасқан аудан, ауыл тұрғындары үшін радиолог мамандардың тапшылығы мәселесін шешіп, ең бастысы науқастарды ерте диагностикалау және жедел емдеу тиімділігін арттырады. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік, созылмалы респираторлық аурулар мен диабеттен 30 бен 70 жас аралығындағы мезгілсіз өлім-жітім қаупін төмендету бағытындағы жұмыстар жалғасады, - дейді Е. Қарашөкеев.
Айта кетсек, бұған дейін Жамбыл облысы әкімінен Меркі қант зауытына қызылшасын өткізе алмай ұзын-сонар кезекке тұрған фермерлердің мәселесі туралы сұраған едік.
Сондай-ақ брифинг барысында Тараз қаласының екі әкімшілік ауданға бөлінетіні белгілі болды.