Шудағы шу: ауруханада қайтыс болған әйелдің туыстары жанжал шығарды

ШУ. KAZINFORM - Әлеуметтік желіде марқұмның туыстары аурухана ғимаратына басып кіріп, жанжал шығарғаны туралы бейнежазбалар таралды. Агенттік тілшісі мәселенің мән-жайын полиция департаментінен нақтылады.

 Жамбыл облысында қайтыс болған қыздың туыстары ауруханаға шабуыл жасады - полиция тексеріп жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

Ведомство Шу қаласындағы көпсалалы аудандық аурухана ғимаратындағы жанжалға қатысты құқық қорғау органдарына арыз, шағым түспегенін атап өтті.

- Шу ауданындағы көпсалалы аудандық аурухана ғимаратындағы жанжалға қатысты құқық қорғау органдарына арыздар мен өтініштер түскен жоқ. Сонымен бірге, полиция қызметкерлері оқиғаға қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп мәлім етті департаменттен. 

Еске салсақ, Шу ауруханасына жүкті болып түскен келіншектің денесін жұбайы жертөледен тапқаны туралы ақпарат тараған болатын

Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы осы факті бойынша жұмыс тобы құрылғанын, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тексеру жүргізетінін мәлімдеді.   

Сондай-ақ Жамбыл облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 317-бабы 2 және 3-бөліктері бойынша (медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауынан, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру және өліміне әкеп соқтыру) сотқа дейінгі тергеу жүргізе бастады. Қажетті сараптама жасау үшін мәйіт Таразға жіберілген. 

Тексеру жүргізу кезеңінде Шу ауданының ауданаралық орталық ауруханасының бас дәрігері мен перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі атқаратын лауазымдарынан шеттетілді. Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е. Мұсабаев тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қатаң сөгіс шығарылды. Медициналық көмек көрсетудің стандарттары мен қағидаларын бұзуға жол берген басқа адамдарға қатысты да жұмыстан шығаруға дейін тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданатыны хабарланды

Соңғы жаңалықтар