Жамбыл облысында қызылша ауруы өршіп тұр

Биыл елімізде 12 мыңнан, оның ішінде Жамбыл облысында 1600-ден астам қызылша ауруы тіркелді. Облыста 80 пайыздан астам жағдайда вакцинацияланбаған жас балалар зардап шекті, деп хабарлайды Kazinform.

Қызылшаның таралуы бойынша жағдай күрделі – министрлік
Фото: pixabay.com

Өңірде қызылша ауруының өршуіне байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова үндеу жасады.

«Қызылша – пневмония, миға асқынуларға немесе науқастың өліміне әкелуі мүмкін. Кез келген адам қызылшамен ауыратын адаммен байланыста болса, ауруды жұқтыруы мүмкін, әсіресе екпесі жоқ балалар.

Қызылшаны емдеуге арналған арнайы дәрі препараты жоқ, емдеу тек симптоматикалық болып табылады. Сондықтан қызылшамен күресудің ең тиімді жолы –вакцинация. Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес, балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы егу 1 жаста және 6 жаста жүргізіледі.

Елдегі қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін биыл 6 қарашадан бастап балаларды қосымша иммундау жұмысы басталды. Ол 2024 жылдың қаңтарына дейін жалғасады», – делінген үндеуде.

Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, 6 айдан 11 айға дейінгі, 2-3-4 жас аралығындағы балалар вакцинация статусына қарамастан және егілмеген медицина қызметкерлері қызылшаға қарсы 1 екпесін алады. Вакцинация Үндістанда өндірілген ККП вакцинасымен (қызылша-қызамық-паротит) жүргізіледі.

Айта кетейік, биыл облыста 38 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы жоспарлы екпе алды, ал 1587 бала қосымша егілді, жағымсыз реакциялар байқалмады.

Жанар Оспанова үндеуде ата-аналардың профилактикалық екпелердің қажеттілігіне әлі де күмәні болса, бірден бас тартпай, дәрігермен кеңесіп, жұқпалы аурудың қауіптілігі және одан бас тартудың салдары туралы ақпараттармен танысуға кеңес берді.

Әрбір ата-ана баласының денсаулығына бірінші жауапты екенін ескертті.

Бұған дейін Таразда жаңа туған сәбиді 1,5 млн теңгеге сатқан акушерлерге үкім шыққанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар