Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясы салынады — Сенат
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.

— Келісім жаңартылатын энергия көздері, жасыл технологиялар мен электр энергиясын өндіру және сақтау саласындағы инновациялық жобаларға қолданылады. Келісім аясында Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысы жоспарланып отыр. Бұл жоба аясында қуаты 300 МВт, сыйымдылығы сағатына 600 МВт болатын заманауи энергияны сақтау жүйесі енгізіледі. Бұл стратегиялық шешім жел күшейген кезеңдерде артық өндірілген электр энергиясын жинақтап, жүктеме шегіне жеткен сәттерде оны электр желісіне беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді, — деді Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов Сенат отырысында.
Келісімде ірі жобаларға қойылатын келесі талаптар көрсетілген:
— қуаты — 1 ГВт;
— көмірқышқыл газы (CO₂) шығарындыларын жыл сайын азайту;
— жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру;
— жобаларды елдің біртұтас электр энергетикалық жүйесіне сенімді және тұрақты түрде интеграциялау;
— елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тағы сол сияқты.
— Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы электр энергиясының сатып алушы. Электр энергиясын сатып алу мерзімі, яғни пайдалануға берілгеннен кейін 25 жыл ішінде. Қазақстанның электр желілерін басқару жөніндегі компаниясы (KEGOC) электр энергиясын желіге беру мен жоғары кернеулі әуе желілерінің техникалық қызмет көрсетуін техникалық диспетчерлеуді жүзеге асырады. Жамбыл облысының әкімдігі жер учаскесін жалға ұсынады. ЖЭС өндіретін электр энергиясының тарифі сағатына 1 кВт үшін 4,49 АҚШ центін құрайды. Бұл тариф халықаралық тәжірибе мен жобаның рентабельділік деңгейін ескере отырып белгіленген және шетелдік инвестиция тарту мен мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеді. Тариф құрамына электр желілерін салу, энергия сақтау жүйелерін пайдалану және электр энергиясын өндіру шығындары кіреді, — дейді ол.
Сенатордың мәлімдеуінше, келісімге сәйкес, Қазақстан тарапы инвесторға заңнама мен электр желілері ережелерінің өзгеруінен, бәсекелес жобалардың салынуынан немесе жер құнының өсуінен туындаған қосымша шығындардың орнын өтеуге міндетті. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы электр энергиясын өндіру үшін қолданылатын жел ағынына әсер етуі мүмкін іргелес жобалар немесе құрылыс жүргізуге жол бермеуге тиіс. Жобаны іске асыру шарттарының бірі — жобалық компанияға Қазақстан Республикасының нақты уақыттағы теңгерімдеуші нарығына қатысу талабы қолданылмайды.
Сондай-ақ жобаны іске асыру үшін қажетті құжаттарды ұсынған жағдайда жобалық компанияға барлық қажетті лицензиялар, рұқсаттар, мемлекеттік сараптамалардан өту құқығы беріледі, оның ішінде шетелдік мамандарды тарту мүмкіндігі де бар.
Жобаны бірнеше акционерден құралған консорциум іске асырады:
— Masdar (БАӘ) — 40% акция, негізгі инвестор;
— W Solar (БАӘ) — 40% акция;
— Kazakhgreenpower (ҚР-ның квазимемлекеттік компаниясы) — 18% акция;
— Қазақстанның Инвестициялық даму қоры (ҚР-ның квазимемлекеттік компаниясы) — 2% акция.
— Жел электр станциясын іске асыру электр энергиясын өндіру көлемін арттырумен қатар, энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді, себебі генерация мен тұтынуды тиімді басқару жүзеге асырылады. ЖЭС-ті энергия жүйесіне қосу үшін ұзындығы 400 км-ден астам жоғары кернеулі электр желілерін салу қажет. Жоба аясында Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының транзиттік әлеуетін арттыру көзделіп отыр, — деп толықтырды Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Айта кетейік, жоба Қазақстанның экологиялық жауапкершілігін арттырып, көміртек шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға септігін тигізеді. Жобаны іске асыру шамамен 100 тұрақты, 1000 уақытша жұмыс орнын құруға және 1,4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл қосымша сағатына 3,4 млрд кВт «жасыл» энергия өндіруге жол ашады.
Бүгінде елімізде жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын 154 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істеп тұр, оның ішінде 63 жел электр станциясы, 46 күн электр станциясы, 42 су электр станциясы және 3 биогаз қондырғысы бар.
Бұған дейін Сенат АҚШ-қа Алматы қаласынан 49 жылға жер телімін жалға беру туралы заңды мақұлдады.