Жамбыл облысында оқушылар буллингіне қатысы бар үш ата-анаға айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында оқушылар өз қатарластарын қорқытып, түрлі жұмыстарды істеуге мәжбүрлеген, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Мойынқұм аудандық соты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-2-бабының 1-бөлігі (кәмелетке толмағанды қорқыту, яғни буллинг, кибербуллинг) бойынша үш әкімшілік құқық бұзушылық ісін қарады.
Өткен жылдың желтоқсан айында Мойынқұм ауданының Жамбыл ауылында жергілікті орта мектептің үш жасөспірім оқушысы басқа оқушыларға жүйелі түрде қысым көрсеткен. Іс материалдарына сәйкес, жасөспірімдер өз қатарластарын түрлі жұмыстарды істеткізген. Бұл әрекеттер буллинг, оның ішінде кибербуллинг элементтері бар құқық бұзушылық ретінде сараланған.
Құқық бұзушылардың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, оқиға туралы хабарламалармен, жәбірленушілер өкілдерінің жазбаша арыздарымен және түсініктемелерімен дәлелденді.
Сот отырысында үш баланың ата-анасы кінәларын мойындап, кешірім сұрады және мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын айтты. Жәбірленушілердің ата-аналары да істің мән-жайын растады және кінәлілерді жауапкершілікке тартуды сұрады.
Сот үш жасөспірімнің ата-анасына да 10 айлық есептік көрсеткіш (биылғы АЕК бойынша 43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында перзентханадағы ана өліміне байланысты жоспардан тыс тексеру басталды.