Жамбыл облысында Рысқұл Жылқыайдарұлының қабірі қорғауға алынбай тұр
ТАРАЗ. KAZINFORM – Қазақтың біртуар перзенті, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл Жамбыл облысы Талас ауданындағы Сейілбек ауылының маңында жерленген. Алайда, қайраткердің әкесі жатқан қабір күні бүгінге дейін не мемлекет тарапынан, не жергілікті билік тарапыпан қорғауға алынбаған.

«Рысқұл Жылқыайдарұлының қабірі расымен Сейілбек ауылының маңында. Кезінде Рысқұл Саймасай болысты өлтірген соң нағашыларына келген деседі. Қандай жағдаймен болса да келгені, Сейілбек ауылының маңынан топырақ бұйырғаны рас. «Мені жерлегенде қанжарым мен кісенімді өзіммен бірге көміңдер» деп өсиет айтыпты, жарықтық. Рысқұл өмірден озғанда жергілікті тұрғындар аманатын орындап, қанжары мен кісенін қоса көмген екен», – дейді Рысқұлдың тағдыры туралы Ойық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Пантай Рахманбердиев.
Оның айтуынша, ертеректе Тұрар Рысқұлов қасына белгілі адамдарды ертіп, әкесінің қабіріне келіпті. Қабірді қаздырғанда әлгі қанжар мен кісен шығыпты. Тұрар кісенді қайта көміп, қанжарды өзімен бірге ала кетіпті.

Белгілі жазушы Шерхан Мұртаза да бірнеше рет келген. 1999 жылы Парламент Мәжілісіне депутаттыққа кандидат ретінде Ойық ауылына кездесу өткізуге келгенде де Рысқұлдың қабіріне барып, Құран бағыштаған. Ақсақалдар сонда жазушының қасында қызмет етіп жүрген көрінеді.
«Қазір Рысқұлға қатысты тарихи деректерді айтатын ақсақалдар бақилық болған. Сол ақсақалдардың көзін көргендердің өзі сексен жастан асып отыр. Сейілбек ауылында Сембек Бештаев деген қария бар. Бұл туралы бір білсе, сол ақсақал біледі», – деді ол бізге жол сілтеп.
Біз Пантай қария нұсқаған Сембек Бештаев ақсақалға да хабарласып көрдік. Өкінішке қарай, ақсақал сырқаттанып қалғандықтан, өзімен тілдесуге мүмкіндік болмады.
Ал Ойық ауылдық округінің әкімі Қайрат Ошақбай осы кезге дейін қабірге аса мән бермегенін мойындап, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жоспарланатынын жеткізді. Ауыл қарттарынан сұрастыра келе, кезінде ұзақ жыл Ойық ауылдық округіне әкім болған, қазір Алматы қаласында тұратын Досмұрат Шахзадаевпен де тілдестік.
«1996 жылдары сол кездегі Талас ауданы басшыларының тапсырмасымен Рысқұл Жылқыайдарұлының қабірін қоршап, белгі орнатқан болатынбыз. Қабір басына сол кездері танымал тұлғалар жиі барып тұратын. Қазір де ұмыт қалмаған болар деп ойлаймын. Соны ескеріп, жергілікті басшылар тарапынан оны қорғауға алу туралы мәселе көтерілу керек деп есептеймін», – деді ол.
Ауыл тұрғындары Сейілбек ауылындағы Шона Смаханұлы атындағы негізгі мектеп директорының орынбасары Жәнібек Тұраров та біраз деректерге қанық екендігін айтып, жөн сілтеген болатын. Ол да өмірінің қиын кезеңінде Рысқұл Талас өңіріндегі нағашысы Дәуітбайды паналап келгені туралы деректі растады.

«Қызыл жебе» романын жазу барысында Шерхан Мұртаза Рысқұлдың басына жиі келіпті. Осыдан 5-6 жыл бұрын Түркістан облысынан Тұрар Рысқұловтың бір топ туысы келіп, Рысқұлдың қабіріне Құран бағыштап, қисайған жерін түзетіп, жаңа белгі тас қойып кетті. Сол кезге дейін тұрған тасты музейге қоямыз деп өздерімен бірге алып кетті. Сол делегацияның ішінде 90 жастан асқан ақсақал, депутаттар, қоғам белсенділері де болды. Олар Талас өңіріне, басшыларына үлкен алғысын айтып кетті», – деді Жәнібек Тұраров.
Рысқұл зираты – қатардағы қорымның бірі емес. Оны көргісі келетіндер, зерттейтіндер қатары да аз болмасы анық. Сондықтан оны мемлекет қорғауына алатын уақыт та әлдеқашан жеткен секілді. Осы сауалмен Жамбыл облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты тарихи ескерткіштерді қорғау және қелпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембековке де қайырылған едік.
«Рысқұл Жылқыайдарұлының аталған аумақта жатқаны рас. Бірақ, ол аумақтың көлемі 20 гектардан кем емес. Сондықтан оның дәл қай жерінде жерленгенін анықтау қиын. Нақты қай жерде жатқаны көрсетіліп, дәлелденсе, зират құндылық ретінде тізімге алынуы тиіс. Сол кезде біз тарихи құндылық ретінде қорғауға аламыз», – деп жауап берді ол.
Қазаққа Тұрардай текті ұл сыйлаған азаматтың басына барып Құран бағыштайтындар қатары әлі де аз емес. Сондықтан қабір де қараусыз қалмай, қорғауға алынар деген үміт жоқ емес.