Мотоцикл жүргізушісін жаралаған күдікті екі айға қамалды - ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында жанармай құю бекетінде мотоцикл жүргізушісін жаралаған күдікті екі айға қамауға алынды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.

 Мотоцикл жүргізушісін жаралаған күдікті екі айға қамалды
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Полицейлер қылмысты ізін суытпай ашты. Күдікті ұсталып, кім екені анықталып, дереу уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту кезінде қылмысты жасаған қару – пышақ тәркіленді. Жедел-іздестіру шаралары барысында ол күдікті ретінде танылды. Енді сот шешімімен ол екі ай мерзімге қамауға алынды, - деді Санжар Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, алдағы уақытта аталған оқиға бойынша түрлі сот-медициналық және басқа да сараптамалар жасалады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жамбыл облысының Меркі ауданында жанармай құю бекетінде суық қаруды қолдану арқылы жасалған шабуыл фактісі бойынша ішкі істер органдары қылмыстық істі тергеп жатыр.

Сонымен қатар адвокаттың өтініші бойынша жәбірленушіге полиция қызметкерлері қатарынан күзет қамтамасыз етілді.

Соңғы жаңалықтар