Жамбыл облысында үш күнде іздеуде жүрген 16 адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында іздеуде жүрген 16 адам ұсталып, 1571 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, үш күнге созылған тексеру қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ көші-қон заңнамасының сақталуын бақылауға бағытталған.
Іздеуде жүрген 16 адамнан бөлек, тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау немесе тарату деректері бойынша 262 адам ұсталған.
Жол қозғалысын бақылау кезінде мас күйінде көлік басқарған 24 жүргізуші анықталды. Бұдан бөлек, бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 21 адам қайта рөлге отырған. Тағы 21 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шыққаны үшін жауапқа тартылды.
– Үш күн ішінде барлығы 1571 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрғаны үшін 468 азамат жауапқа тартылды. Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені үшін тағы 150 адамға қатысты шара қолданылды, – делінген полиция департаментінің ақпаратында.
Көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру барысында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан 71 құқық бұзушылық анықталды.
Тексеру нәтижесінде 31 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда полиция қызметкерлері бет-әлпетті тану функциясы бар ақылды көзілдіріктің көмегімен іздеуде жүрген ер адамды ұстаған болатын. Ол қаладағы мешіттердің бірінен анықталған еді.