Жамбыл облысында үш мың тоннадан астам жабайы қарасора жойылды

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында «Қарасора-2025» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үш мың тоннадан астам жабайы қарасора жойылды.

Алматы облысының тұрғыны алма бағында қарасора өсірген
Фото: polisia.kz

1 маусымнан бастап өңірде 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар мен «Заң және тәртіп» бағдарламасына сәйкес «Қарасора-2025» республикалық ауқымды іс-шарасы жүзеге асырылып келеді.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жылжымалы комиссия құрамында есірткі заттарын жою бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізіп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

- Бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, жабайы қарасора өсетін ошақтарды анықтау және жою жұмыстары кең көлемде атқарылды. Арнайы ауыл шаруашылығы техникасын тарта отырып, облыстың құмды аймақтарына жақын 4 394,6 гектар аумақтағы қарасора орылып, кейіннен жиналған өсімдіктер өртеу арқылы жойылды, - деп жазды ведомстводан.

Жойылған қарасораның жалпы салмағы үш мың тоннадан асты. Бұл шара өңірдегі есірткі қатерін төмендетуге және өсімдік тектес есірткі шикізатының заңсыз айналымға түсуін болдырмауға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтуге сеп болады.

Айта кетейік, Жамбыл облысында есірткіні заңсыз сақтап, тасымалдаған әке мен баласы сотталды.

Соңғы жаңалықтар