Жамбыл облысында заңсыз көші-қон арнасы анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында мал жайған болып жүріп, шетел азаматтарын мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Күдіктілерді ұстау бойынша арнайы операция облыс прокуратурасының үйлестіруімен полиция және шекара қызметінің бірлескен күшімен жүргізілді. Қолға түскендер – Алматы облысы мен Жамбыл облысы, Меркі ауданының тұрғындары.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, топ мүшелері алдын ала сөз байласып әрекет еткен. Олар өрісте «мал жайып» жүріп, шетел азаматтарын мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізу арнасын ұйымдастырған.
Тінту барысында күдіктілерден заттай дәлелдемелер тәркіленді. Атап айтқанда, шетел азаматтарының фотосуреттері мен төлқұжаттары, ұялы телефондар, банк карталары, сондай-ақ 1 миллион теңгеден астам қолма-қол ақша алынған.
Сонымен қатар күдікті ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуге жәрдем көрсеткен көрші мемлекеттің азаматтары да анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы 2-бөлігіне сәйкес (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске сала кетсек, Жамбыл облысында шекарадан 30 келі есірткі алып өтпек болған шетелдіктің ұсталғанын жаздық.