Жамбыл облысында жасөспірімнің денесі табылды

ТАРАЗ. KAZINFORM — Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында студент көз жұмды. Құқық қорғау органдары тергеуді бастады.

Жамбыл облысында жасөспірімнің денесі табылды
Фото: Pexels

Полицияның дерегінше, жасөспірімнің өлімі бойынша Байзақ ауданында қылмыстық іс қозғалды.

— Қазіргі таңда істің мән-жайын анықтау бойынша тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді, — деп хабарлады Жамбыл облысы ПД.

Айта кетелік бұған дейін сәуір айында Жамбыл ауданы, Тастөбе ауылында да 15 жасар жасөспірім көз жұмған еді. Тергеу шамамен 4 айға созылды, үш күдіктіге қатысты материалдар сотқа берілді.

Сонымен қатар, бірнеше күннің ішінде Байзақ ауданына қарасты Түймекент және Дихан ауылдарының жасөспірімдері мен тараздық кәмелетке толмаған екі бала өз-өзіне қол жұмсады.

Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзудың алдын алу мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың жүз мектепте психологиялық-педогогикалық, тәрбиелеу және профилактикалық шараларды ұйымдастыру формалды түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

— Мектеп жоспарларында олардың нақты шаралары мен білім алушылардың қажеттіліктері көрсетілмеген. Мектеп әкімшілігі тарапынан ерте анықталған дағдарыс жағдайлары кезінде тиісті ведомствоаралық өзара іс-қимыл жолға қойылмаған. Кейбір мектептерде «111» бірыңғай байланыс орталығының жұмыс істемейтін QR-кодтары анықталды. Өңірде болған қайғылы оқиғаларды талдай отырып, жекелеген мектептерде жауапты қызметкерлер балаға тиісті назар аудармағанын көрсетті. Сондықтан мектеп директорлары тәуекел тобындағы балаларды сүйемелдеу нәтижелері үшін жеке жауап беруі тиіс, — деді министр.

Жұлдыз Сүлейменова ата-аналардың жауапкершілігін күшейту қажеттігін де атап өтті. Ресми статистикаға сәйкес, өңірде күн сайын 76 ата-ана балаларын дұрыс тәрбие бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, тағы 395 ата-ана түнде балалардың үйде болуын қадағаламаған.

Камила Мүлік

Соңғы жаңалықтар