Жамбыл облысында жыл басынан бері 2 756 заңсыз мигрант ұсталды
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жыл басынан бері Жамбыл облысында 2 756 заңсыз мигрант анықталып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 648-і Қазақстаннан шығарылды, негізінен Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанға жөнелтілді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, шетелдіктердің елде болу ережесін сақтауы үшін қабылдаушы тарап жауап береді. Осыған байланысты мигранттардың уақытылы шығуын қамтамасыз етпеген 407 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, тіркелмеген шетелдік жұмыс күшін пайдаланғаны үшін 102 адамға айыппұл салынған.
– 2025 жылдың жеті айында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жалпы сомасы 65,6 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы (мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту) бойынша 3 қылмыстық іс, 394-бабы (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды, – деді Жамбыл облысы ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының м.а. Арай Айымбет.
Айта кетейік, депортацияланған өзбекстандық мигранттар елге қайту шығынын өтеуге міндеттеледі.