Жамбыл облысындағы 12 ауылдық округте су бағасы төмендеді
Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Меркі ауданының бұрыңғы басшылығы кәсіпкерге 12 ауылдық округті (10 мыңнан астам абонент) ауыз сумен қамтамасыз ететін су шаруашылығы құрылыстарын сенімгерлік басқаруға заңсыз бергенін, сондай-ақ, оның су тарифі басқа аудандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы департамент басшысының бірініші орынбасары Д.Омаров мәлімдеді.
"Департаменттің ұсынысынан кейін су шаруашылығы құрылыстары жаңадан ашылған «Алатау Су-жылу» КМК балансына қайтарылып, су тарифінің бағасы 40 және 22 теңгеге төмендетілді (бұрын заңды тұлға текше метр су үшін 190 теңге, қазір 150 теңге төлейді, жеке тұлғалар бір текше метр су үшін 104 теңге қазір 82 теңге). Қазіргі таңда, мүлікті қабылдау актісіне сәйкес жұмыс жасалуда.
Сонымен қатар, осыған дейін «Байзақ су» КМК басшылығының ауыз су есептегіштеріне пломба орнатқаны үшін 149 жеке тұлғадан және 8 бизнес субъектісінен ақы алу фактісі анықталған", - деді спикер.
Департамент енгізген ұсыныстан кейін ақы алу практикасы тоқтатылып, пломба орнатқаны үшін төленген ақша кәсіпкерлік субъектілеріне кері қайтарылды, сондай-ақ, ауыз су тарифінің бағасы 5 және 3 теңгеге төмендетілді.