Жамбыл облысындағы атыс: екі адам жансақтау бөлімінде жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысындағы атыс кезінде жарақат алған төрт адамның екеуінің жағдайы ауыр. Оларға бірнеше рет оқ тиген, пышақ жарақаттары анықталған. Сонымен қоса бірнеше жері сынған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

дтп
Фото: freepik.com

Қалған екі зардап шеккен адамның жағдайы тұрақты, алайда олар да дәрігерлердің бақылауында.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шілденің 29-ы күні болған оқиғада жарақат алған төрт адам Мойынқұм аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Олар әртүрлі ауыр жарақаттар алған — бас-сүйек-ми жарақаттарынан бастап, көптеген оқ тию мен пышақ жарақаттарына дейін. Барлық науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілген, соның ішінде хирургиялық ем жүргізілді. Қазір науқастардың жағдайына тұрақты бақылау жүргізіліп жатыр.

— Бірінші болып, сағат 21:10–да 28 жастағы ер адам жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер оның бас сүйегінің ашық жарақатын, миының зақымдануын, резеңке оқ тиген жарақаттарын (басының жоғарғы бөлігі, кеуде тұсы, оң білегі), сонымен қатар, соғылып, жыртылған жарақаттарды, екі санында көптеген пышақ жарақаттарын, сыртқы қан кету мен II дәрежелі травматикалық шокты тіркеген. Таңертең дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бұл жағдай жарақаттардың күрделі жиынтығымен байланысты, дегенмен жағымсыз динамика байқалмайды. Дегенмен өмірлік маңызды көрсеткіштері — қан қысымы, пульс, дене қызуы, тыныс алу және оттегімен қанығуы — қалыпты деңгейде, — делінген хабарламада.

Екінші болып, сағат 22:10 шамасында 26 жастағы ер адам жеткізілді. Оның сол жақ білегі, саны және оң қолында оқ тиген бытыралы жарақаттар анықталған. Сонымен қатар, оң қолының екінші саусағында жаншылған ашық сынық бар. Бұдан бөлек, сол жақ санының жанай тиген оқ жарақаты, оң жақ санының тұйық (оқ кіріп, шықпаған) жарақаты және сол білектің тесіп өткен оқ жарақаты тіркелген. Алғашқы хирургиялық өңдеуден кейін оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланды. Өмірлік маңызды көрсеткіштері тұрақты.

Қалған екі адам хирургия бөлімінде жатыр. Олардың бірі маңдай-төбе тұсынан соғылып, жыртылған жара алса, екіншісі оң қолынан тұйық оқ жарақатын алған. Екеуінің де жағдайы тұрақты, олар дәрігерлердің бақылауында.

Бұған дейін Жамбыл облысында атыс болып, төрт адам жарақаттанғаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар