Жамбыл облысының диқандары жауын-шашынның кесірінен егіс науқанының мерзімінен кешігіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында көпжылдық шөптер мен дәнді дақылдарды егу жұмыстары аяқталып жатыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы жылы 364,7 мың гектар алқапты дәнді және бұршақ дақылдары, 190,5 мың гектарды мал азығы дақылдары алып жатыр.
«Сарысу диқандары дәнді дақылдар егу жоспарын 2,9 мың гектарға асыра орындады. Қант қызылшасы жоспарланғаннан (123,5%) артық егілді – 9,7 мың гектар, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,1 мың гектарға артық. Биылғы жылы қант қызылшасы Қордай (750 га), Меркі (700 га), Рысқұлов (98 га) және Шу (6,6 мың га) аудандарында көбірек егілді»,-деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда облыс аймақтарында майлы дақылдар 30,4 мың гектарға (66,1%), бақша дақылдары 6,7 мың гектарға (85%), пияз 15,9 мың гектарға (96,8%) егілген. Байзақ ауданында 400 гектарға артық пияз егілді.
Өңір шаруашылықтарында биыл жауын-шашынның көп түсуіне байланысты кейбір егіс алқаптары егіс науқанынан кешікті. Талас, Рысқұлов, Сарысу аудандары мен Тараз қаласында егіс жұмыстары кеш басталды.
Көкөніс 20,2 мың гектарға (88,4%) егілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 мың гектарға аз. Майлы дақылдар – 20,2 га аз. Картоп көрсеткіші 1,9 мың гектарға төмен, деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.
Жамбылдық ауыл шаруашылығы субъектілері жаздық дәнді дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасы, көкөністер егіп, минералды тыңайтқыштар енгізумен айналысып жатыр. Биылғы жылы 332,4 мың гектар алқапқа 53,3 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.
Көктемгі дала жұмыстарына 7506 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылып, егіс науқанына 10,8 мың тонна дизель отыны бөлінді. «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 2,5 млрд теңге бөлінді.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктерге алдағы жауын-шашын туралы ескерткен болатын.