Жамбыл облысының ирригация және дренаж жүйелерін реконструкциялау 91%-ға аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының Шу ауданында ирригация және дренаж жүйелерін реконструкциялау жобасы 91%-ға аяқталды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.

Жамбыл облысының Шу ауданында Оң жағалаудағы магистральдық каналдан егіс алқаптарына су беретін ирригация және дренаж жүйелерін реконструкциялау жобасы 91%-ға аяқталды. Нысанды биылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба Шу ауданының 5 172 гектар егістік алқабына су жеткізуді жақсартуға мүмкіндік береді. Бұған дейін Жамбыл облысында жалпы 10 мың гектар егістік жерді сумен қамтамасыз ететін екі нысан пайдалануға берілген болатын.
— Жоба аясында суару каналдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл өз кезегінде су тасымалдау кезіндегі шығынды азайтып, суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Еске сала кетейік, бұған дейін қоғамда суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі тұрмыстық жағдайда суды үнемдеуге арналған әдістемелік ұсыныстар әзірлегенін жазған едік.