Жамбыл облысының ЖҚТБ орталығына мерзімі өткен препараттарды қолданған деген күдік келтіріліп отыр
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты Жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісінің алдын алу мен күрес орталығы (ЖҚТБ орталығы) мерзімі өткен медициналық бұйымдарды қолдануы мүмкін. Бұл туралы Медициналық-фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті жетекшісінің орынбасары Гүлмира Базарханова мәлім етті.
«Аталған орталықта сонымен қатар дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау мен оларды жою тәртібі де бұзылған. Құны 7 140 000 теңге болатын бұйымдардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен, сонымен бірге пайдалану мерзімі 2023 жылдың 21-ші наурызында біткен, 2022 жылдан 2023 жылға өткен қалдықтар бар. Орталықта құны 68 400 000 теңге болатын осындай 380 бұйым болған. Сондай-ақ мұнда бюджет қаражаты да тиімсіз жұмсалған. Себебі ЖҚТБ орталығы 69 жиынтық қалдығы бола тұрғанына қарамастан жеткізуші «Neba Lab» ЖШС-мен 43 363 600 теңгеге қосымша келісім жасаған. Орташа есеппен алғанда айына 5000 анализге 10 жиынтық шығындалады. Орталық пайдалану мерзімі 50% асқан медициналық бұйымдарды сатып алған»,-деді Г.Базарханова.
Медициналық-фармацевтикалық комитетінің облыстық департаментінің өкілдері аталған кемшіліктердің ішкі аудит пен жемқорлықпен күрес қызметінің сұранысы бойынша жоспардан тыс жүргізілген тексеру барысында анықталғанын жеткізді.
Осыған дейін Жамбыл облысында екі жасөспірім бірінен соң бірі суицид жасағаны туралы хабарладық.