Жамбыл полициясының электромобилі қылмыскерді қуғанда өшіп қалмай ма – әкім жауабы

Электромобиль
Фото: polisia.kz

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде электр энергиясы жетіспей жатқанда полиция патруліне электромобиль алу шешімінің дұрыстығын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Бізде мұнай өңдеу зауыттарында да проблема бар, мұндай қисынға сүйенсек, бірден ат-арбаға ауысайық, жем-шөппен ешқандай проблема болмайды. Мен, әрине, әсірелеп отырмын, бірақ іс жүзінде көршілеріміздің тәжірибесіне қарайық. Қытай Халық Республикасындағы көліктің жартысынан көбі – электромобильдер. Оларда еш мәселе жоқ. Екінші мәселе – бұған біздің жүйенің дайын болуы», - деді Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер сұрағына жауап бергенде.

Сондай-ақ, әкім қылмыскерді қуғанда электромобильдің қуаты таусылып қалмай ма деген сұраққа жауап берді.

«Орташа алғанда бізде бір экипаж тәулігіне 100-150 шақырым жүреді, ал электр көліктерімен 450 шақырымға дейін жүруге болады. Бұл шешімді қабылдағанда жауапты тұлғалар барлық сын-қатерді ескерді деп ойлаймын. Біз патрульді электромобильге мінгізген алғашқы жетекші облыс ретінде қандай да бір проблемалар болатынын түсінеміз. Бірақ біз одан бас тартпауымыз керек, әлем осы бағытқа ауысуда. Менің пікірімше, 5-7 жылдан кейін электромобиль үлесі артады, бұл экологиялық таза болады және жұмыстардың өзіндік құны жағынан тиімді болмақ», - деп толықтырды әкім.

Ербол Қарашөкеев батареяларды кәдеге жарату мәселесі бар екенін мойындады, бірақ оның шешілетінін және бүкіл әлем оған шешім іздеп жатқанын айтты.

«Пилоттық жұмыс басталды, біз оны мұқият қадағалаймыз, содан кейін Үкіметпен бірге дұрыс шешім қабылдаймыз деп ойлаймын. Біз пилоттық жобаның барлық оң және теріс жақтарын айтуға уәде береміз», - деп қорытындылады спикер.

Бұған дейін жамбылдық полицейлерге алғашқы болып отандық өндiрiсте жасалған электромобильдер табыс етілгені хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар