Жамбылда 36 қызметкерге төленген үстемеақыны қайтару туралы бұйрық заңсыз деп танылды

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында орталықтандырылған бухгалтерияның 36 қызметкеріне төленген үстемеақыны қайтаруды талап еткен бұйрық сотта заңсыз деп танылды.

Студенттердің жекелеген санаттары үшін стипендияға үстемеақы белгіленді
Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

Жоғарғы соттың дерегіне қарағанда, Жамбыл облысы бойынша аудандық білім бөлімдерінің бұйрықтарымен 2021 жылдан бастап бухгалтерлер, экономистер және іс жүргізушілердің қызмет көрсету аумағы кеңейтіліп, олардың жалақысына 50 пайыздық үстемақы белгіленген.

Алайда 2023 жылы жүргізілген аудит қорытындысы бойынша білім бөліміне 21,8 млн теңгені бюджетке қайтару міндеттелген. Осыдан кейін бөлім басшылығы төленген үстемақыларды «артық төленген» деп есептеп, орталықтандырылған бухгалтерия қызметкерлерінен бұл соманы өндіру туралы бұйрық шығарған.

- Қызметкерлер бұйрықпен келіспей, сотқа жүгінген. Сот талқылауы барысында қосымша төлемдердің толықтай заңды негізде – Еңбек кодексіне, ұжымдық шартқа және жұмыс берушінің ішкі нормативтік актілеріне сәйкес төленгені анықталды.

Сот шешімінде аталған төлемдер қызметкерлердің жалақысының құрамдас бөлігі болып табылатыны және Азаматтық кодекстің 960-бабы бойынша, егер төлем алушы тарапынан теріс әрекет болмаса, алынған сомалар қайтарылуға жатпайтыны көрсетілді, - деп хабарлады ведомстводан.

Нәтижесінде 36 қызметкердің талап қоюы қанағаттандырылып, жұмыс берушінің төлемдерді қайтару туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Айта кетейік, Жамбыл облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 70 әйел көмек сұрады.

Соңғы жаңалықтар